Саран қаласы аумағындағы шағын ғана Ақтас кентінде 8 бірдей көркемөнерпаздар ұжымы бар. Жыл бойы ақтастықтарды ән мен күйге бөлеп келген олар жақында кенттің Мәдени-сауық орталығында қорытынды концертін өткізді.
Зал толы көрермен бұл күні де жерлестерінің өнеріне тағы да тәнті болды. Атап айтқанда, концертте «Томирис» ансамблінің бишілері қазақ және орыс халық билерін орындаса, «Үкілі домбыра» тобы Құрманғазының «Балбырауын» күйін төгілтіп, «Біз өмірдің гүліміз» әнін шырқады. Ал «Ақ әже, аталар» вокалды тобының ардагер әншілері халқымыздың «Беу, айдай!», «Тобылғы сай» әндерін әуелетіп, «Актаские зори» хоры мен «Якташлар» этномәдени бірлестігінің ұжымы қосыла шырқаған әндер сахна төрінен шалқыды. Сондай-ақ, осы думанды кеште «Балаганчик» драма және «Жұлдыз» вокалдық ұжымдары, балалардың фольклорлық тобының өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды.
Ержан ИМАШ,
Ақтас кенті
Ortalyq.kz