Жаңалықтар

Аң-құспен толықты

Кеншілер өлкесінің хайуанаттар бағы тағы аң-құспен толықты. Атап айтсақ, Африка құрлығынан келген орта бойлы кішігірім зебра табыны мен тәжді тырналар қала тұрғындарының қызығушылығын туғызды. Бұған дейін теледидардан көретін, біздің құрлықты мекен етпейтін аң-құстарды енді кез келген уақытта қызықтауға, олардың тыныс-тіршілігін бақылауға болады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Жаңадан әкелінген зебралар бірнеше апта бойы карантинде болған. Алайда, қазір олар жаңа өмірге үйренісе бастаған. Хайуанаттар бағының қызметкерлері олар үшін үлкен қоршау салып жатыр. Қоршауды 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, жануарлар үшін қысқы үй қарастырылыпты.

– Хайуанаттар бағы жаңа зебра отбасымен толықты. Олар Боксбургтен (Оңтүстік Африка) әкелінді. Бір еркек және төрт ұрғашы зебра бар. Олар қазір бейімделуден өтті, ойдағыдай қоректенуде. Бұған дейін бізде бір ғана Батыр бар еді. Оны Алматы хайуанаттар бағынан әкелгенбіз. Оның қасына зебралар алғымыз келген. Бірақ, ел аумағынан бұл жануарды сатып ала алмадық. Батыр сәбізді, қызылшаны, қырыққабатты, картопты қуана жейді. Африкадан келген зебралар әзірге мұндай тағамды жемейді. Олар шөп, сұлы, бидайды жақсы көреді. Біз оларды кебекке де үйретеміз. Шынында, зебралар тезірек тамыр жайса дейміз, – деді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекова.

Бұдан бөлек, хайуанаттар бағы Батыс Африканың Бенин Республикасынан тәжді тырналарды да сатып алған. Бұл құстардың бойы – 91-104 см, салмағы – 3,9-5,2 келі, қанаттарының ұзындығы – 183-198 см.

– Бірнеше тәжді тырна әкелдік. Еркегі де ұрғашысы да бар. Бұл – өте әдемі құс. Термофильді, шөпқоректілерге жатады. Қазір оларға қажетті жағдайлар жасалды. Бірінші қабатта тұрып жатыр. Әзірге құстар карантин кезеңінде. Күніне екі рет тамақтанады. Жүгері жармасын, жартылай шикі тары береміз. Алдағы уақытта оларды да шикі өнімге үйретпекшіміз, – дейді Гүлнара Адамбекова.

Бұған дейін Чехияның Хлебы қаласының хайуанаттар бағы біздің зообаққа Бразза маймылдарын сыйлапты. Жақын арада Қарағандыға келуі керек. Олармен бірге ақ валлаби кенгурулары да келуі тиіс.

– Биыл хайуанаттар бағымыз үшін коллекцияны толықтыру және дамыту тұрғысынан тарихи жыл болды, – деп атап өтті Гүлнара Адамбекова.

Сонымен қатар, алдағы уақытта хайуанаттар бағы жасыл һәм симири маймылдарымен толыға түседі. Хайуанаттар бағы басшысының айтуынша, жануарларды айырбастау және сатып алу туралы басқа да жоспарлары бар.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button