Ақселеудің ескерткіші лайықты жерге қойылса ләзім болар еді

Ақселеу Сейдімбек!

Алаштың абызы, қазақтың қобызы болған қайран Ақселеу!

Ақаң елім деп өмір сүрді.

Желтоқсан көтерілісі кезінде ұлтшыл деп танылып, қызметінен қуылды.

Бірақ, Ақаң морт сынбады.

Сынуға хақысы жоқ еді.

Ақаң өзін іштей қара қайрақтай қайрады.

Жарияланбаса да, жазуын жалғастыра берді.

Заманның беті бері қараған тұста «Күй шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақ әлемі» атты ғаламат еңбектерін халқына тарту етті

Еліне қыруар рухани мұралар қалдырды.

Бір өзі бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жасады.

Бір кезде өзі журналист ретінде еңбек еткен, аяғының ізі қалған Қарағанды қаласында Ақселеу Сейдімбектің еңселі ескерткіші бой көтереді деген қуанышты хабарды сүйсіне естіген едік. Алайда, Ақаңның ескерткіші қойылатын жер көңілімізден шықпай отыр.

Естуімізше, ескерткіш Саттар Ерубаев көшесінің бойындағы облыстық мұражайдың алдына қойылмақшы көрінеді.

Бұл – тіпті де дұрыс ұйғарым емес!

Біріншіден, олай болған жағдайда Ақаңның ескерткіші талдардың тасасында көзге елеусіз жерде қалады.

Екіншіден, қаланың жаңа орталығы Оңтүстік-Шығыс аумағына ауысып жатыр.

Демек, Ақаңның ескерткіші қаланың жаңа орталығында көзге көрнекі жерде тұруы керек!

Ол үшін бірден-бір лайықты орын – осы Оңтүстік-Шығыста жақсы үлгімен жаңадан салынған Балалар мен жасөспірімдер сарайы.

Ақселеу Сейдімбектің ескерткіші осы Сарайдың алдында тұруы керек деп санаймыз. Бұл Сарайға Ақселеу Сейдімбековтің есімі беріліп, келешекте жасөспірімдерге арналған ғылыми орталыққа айналуы қажет!

 Еліміздің рухани қазынасына аса зор мұра қалдырған Ақселеу Сейдімбектің еңселі ескерткіші қаланың көрнекі жерінде көзқуаныш болып тұруға тиісті!

Ілия ЖАҚАНОВ,

сазгер, Қазақстанның Еңбек Ері

Асанәлі ӘШІМОВ,

актер, Қазақстанның Еңбек Ері

Қайрат БАЙБОСЫНОВ,

әнші, Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Қойшығара САЛҒАРИН,

жазушы, тарих ғылымдарының докторы

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

жазушы, филология ғылымдарының докторы

Темірғали КӨКЕТАЕВ,

физика-математика ғылымдарының докторы

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

филология ғылымдарының докторы, академик

Төрехан МАЙБАС,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қайрат КЕМАЛОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Аманжол ӘЛТАЙ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.