Ақселеудің домбырасы

Ұмытпасам 1974 жылдың күзі болуы керек. Онда №2 қазақ мектеп-интернатына мұғалім болып орналасқаныма аса көп уақыт болмаған еді. Институтта менен бір курс кейін оқыған, сол кезде облыстық радиода редактор болып істейтін, белгілі ақын Сәбит Бексейітовке анда-санда жолығып тұратынмын.

СУРЕТТЕ: «Орталық Қазақстан» газетінің қызметкерлері әйгілі күйшімен. Бірінші қатарда (солдан оңға қарай) Е.Бәйтенов, Н.Тілендиев (қолында Ақселеу жасаған домбыра), Ә.Әзиев, М.Халиоллин. Екінші қатарда Қ.Сұлтанов пен Б.Мұстафин. 5 ақпан, 1976 жыл.

Радиоға келсем – Сәбит өзінің жұмыстарымен айналысып отыр екен. Мен келген соң оларын жиып қойып әңгімеге көштік. Сол жылдары Серік Ақсұңқарұлы екеуінің Павлодар қаласында өткен жас ақын-жазушылардың республикалық тұңғыш конференциясына қатысып келген уақыты болатын. Содан алған әсерін, Олжас Сүлейменовтің өлең оқу мәнерін айтып тауыса алар емес. Сөзден сөз туып, ол өзінің «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Ақселеу Сейдімбековті жақсы танитындығын айтып өтті. Бұл газеттің жастар түгілі үлкендердің өзі қолынан тастамай, жастанып жатып оқитын уақыты. Онда шыққан әрбір материалды түк қалдырмай оқитынбыз. Ақаңның өзін сырттай білгеніммен көзбе-көз жолығып көрмеген кезім. Бұған қоса сол кезде ауылда бір жігіт өзінің алты баласы мен әйелін тастап, үш баласымен ауылға қонаққа келіп жатқан жас келіншекті алып қашып кетіп, келіншектің үш баласы сол ауылда қалып қойған оқиға болған еді. Сол туралы жастар газетіне «мораль тақырыбына» мақала жазуды ойлап жүрген болатынмын. Сол ойымды Сәбитке айтып:

–Ақаңа барып, осы жайлы ақылдассақ қалай болар екен? – деп едім, Сәбит келісе кетіп, телефон шалып еді, ол кісі үйде екен.

– «Келіңдер» деді, жүр кеттік, – деді Сәбит орнынан көтеріліп.

Ақаңның үйі облыстық радиодан онша алыс емес екен. Михайловкадағы «Монша» аялдамасының жанында, Крылов көшесінде болып шықты. Біз келгенде есікті спорттық киім киген ағамыздың өзі ашты. Шағын ғана үш бөлмелі пәтер екен. Бір бөлмесін кабинет етіп қойыпты, біз сонда кірдік. Бір қабырғада төбеге тигізе қолдан жасатқан сөре толы кітап. Мұншама көп кітапты көрмеген басым, аузымнан су ағып қарап қалыппын. Сәбитпен Ақаң сөйлесіп отыр. Сөз ауаны Павлодарда өткен жастар конференциясы. Оған Ақаң да газет тілшісі ретінде қатысқан екен. (Ол уақытта «Лениншіл жас» Қарағанды мен Павлодар облысында бір-ақ тілші ұстайтын). Бір кезде бұрышта сүйеулі тұрған, әлі жасалып бітпеген домбыра сұлбасына көзім түсті. Жанында құрал-саймандар салулы кішкене қобдиша. Өзіңіз жасайсыз ба? – деп сұрадым.

–Иә, өзім жасаймын, – деп жауап берді ағамыз.

– Әлі бітпей жатыр. Ана-мына шаруалардан қолым тимей жүргені. Алла қаласа бітіремін ғой…

Жасап жатқан домбырасын қолына алды. Бүтін ағаштан шанағының ішін ойып, мойынын жіңішкертіп жонып қойыпты. Басын оюланып келетіндей етіп, нобаймен жұмырлаған. Әсем аспап болып шығатыны әлден-ақ көрініп тұр. Өзіңіз жасаған тағы бір домбыраңыз бар еді ғой, – деп Сәбит те бізге қосылды. Иә, бар, – деп Ақаң екінші бөл меден бір домбыра алып келді.

– Өткен жылы ғана жасағанмын. Мына домбыра да тура осындай болып шығады ғой деп отырмын. Біз естісін дегендей, бір-екі рет жай ғана қағып қалды. Сол-ақ екен, қазақтың домбырасына тән жүректі тербейтін жағымды қоңыр үні құлаққа жетті. Жалпақ тілмен айтқанда «өзі сөйлеп тұрған» тамаша аспап екен. Сыртына жұқалап қана қоңырқай лак жалатқан сияқты. Бізді жассынған жоқ. Ақаң бұдан соң домбыра туралы, мұндай аспап жасайтын шеберлер туралы бірталай әңгіме айтып тастады. Әттең шіркін, сол әңгімелер бүгінгі күні есімде қалмапты. Бұдан соң Сәбит мені таныстырды, газеттерге әңгімелерім мен мақалаларымның шығып жүргендігін айтып өтті. Мен болсам, өзімнің келген шаруамды ортаға салдым. Бұған ағамыз қосыла қоймады. Оған қарсы уәжі бар екен. Өткен жазда «мораль тақырыбына» мен бір мақала жазып едім. Онда бір қыз Жаңаарқада бір жігітке тұрмысқа шықпақ болып, шақыру билетіне суретке түсіпті. Ол билет елге тарап кеткен кезде пойызда басқа бір жігітпен танысып, сонымен сөз байласып, онымен де суретке түсіп, ол да шақыру билетін таратады. Екеуінде де тойы бір-ақ күнге белгіленген екен. Мен қыздың жат қылығын сынға алып, осы екі билетті де газетке қатар бастырып жіберген болатынмын. Іле-шала «Советтік өмір салты осындай» деп батыстың баспасөзі шу ете қалыпты. Ал, бұл шудың аяғы редакторымыздың ОК тарапынан сөгіс алуымен аяқталған. Сондықтан да бұл мәселеде қиындықтар бар. Редакторымыздың мұндай материалды басуға әзір рұқсат бермеуі мүмкін. Босқа әуре боласың ғой. Одан да ауыл өмірінен материал жаз, немесе әңгіме жаз. Негізі көп жаз. Жазған сайын қаламың төселеді, ой-өрісің ұлғая түседі. Ешқашан ерінбеу керек, көп оқу керек, алдыңғы толқын ағалардан үйрену керек, – деп сөзін ақыл айтумен аяқтады.

Сәбит екеуміз Ақаңның біраз әңгімесін тыңдап, ағамыздың үйінен қанаттанып қайттық. Сол кездесу есімнен әрқашан кетпейді. Одан соң қысқа қарай мен Қарағандының теле-радио комитетіне редактор болып орналастым, ол кісі көп ұзамай облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жауапты хатшы болып келді де, енді Ақаңмен жиі кездесетін болдық. Ол кезде облыстық Саяси ағарту үйі деген бар, онда әр айдың соңғы сенбісі күні журналистерге саяси сабақ өткізіледі. Оған облыстық және аудандық газеттердің редакторларынан бастап барлық журналистері, теле-радио комитеттің төрағасынан бастап барлық редакторлары түгел қатысуға міндетті болатын. Сонда үзіліс болған сәттерде елдің бәрінен де Ақаң ортасында бойы жағынан болсын, ойы жағынан болсын оқшауланып көрініп тұрушы еді. Әсіресе маңынан жастар кетпейтін. Ағамыздың майын тамыза айтқан әңгімелерін қалт жібермей тыңдауға тырысатынбыз. Сол жылдары «Орталық Қазақстан» газетінде көптеген шығармалары жарық көрді. Қарағандыға арналған «Кеніш» деген кітабы, «Аққыз» атты повестер мен әңгімелері басылып шықты

Бірде облыстық газетке жазылу барысы туралы сұхбат алу үшін студияға шақырған едім, кішкене ойланып отырды да:

–Келесі аптада хабарласайықшы, – деді қашанғыдай биязы қалпымен.

–Жарайды, – дедім де, келесі аптада келісілген уақытта тағы да телефон шалдым.

–Сұхбатымыз болмайтын болды, ренжіме… Неге болмайды? – деп сұрақты төтесінен қойдым.

–Мен Алматыға қызметке ауысып жатырмын. Кетіп бара жатып, теледидардан сөйлеп отырғаным ұяттау болатын шығар…

Мен болсам, ол кісіден «қайда ауысып жатырсыз» деп сұрағаным жоқ, ол кісі өзі айтқан жоқ. Содан соң мен де әрі қарай қазбаламай, жаңа қызметінде сәттілік тілеп қала бердім. Сұхбатты редакцияның басқа қызметкерінен алдым. Ол кісі Ақаңның «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөліміне меңгеруші болып кеткендігін айтты.

Кейіннен Алматыға барғанда Ақаңа бір-екі рет кіріп шықтым. Қарағандының жаңалықтарын, өзімнің газетке ауысқанымды айттым. Сөз арасында баяғы өзі жасап жатқан домбыра туралы сұраған едім. Ол кісі көңілсіз ғана:

– Иә, ол домбыраны бітірдім ғой, – деді де қойды, басқа ештеңе деген жоқ.

Біраз жыл өткенде осы оқиға есіме оралып, редакцияда отырғанда айтқан едім. Біздің жігіттер ол домбыраны біледі екен.

Оны редакторымыз Рамазан Сағымбековтің арнайы шақыруымен редакцияға келген Нұрғиса Тілендиевке сыйға тартқан, – деді сол кезде «Орталықта» қызмет істеген Аман Жанғожин. – Ақаңның домбырасы әрқашан кабинетінде тұратын. Нұрекең келген соң тартсын деп алып шықты ғой. Сонда ол кісі бұл домбырада талай күй тартып, өте қатты ұнатты, тіпті, айырылғысы келмей қалды. Содан редактордың ұсынысымен Ақаңның еріксіз сыйға тартуына тура келді. Өз қолынан шыққан тамаша аспапты қимай-қимай күйшінің қолына ұстатқаны әлі есімде…

Сол күні Нұрекеңмен редакция қызметкерлерінің түскен фотосы бар. Атақты күйшінің аузында темекі, Ақаңның домбырасына риза көңілмен, әдеттегі солақай қалпында ойнап отыр. Айналасында редакция қызметкерлері жайғасқан.

Ақаң туралы ауыздан тастамай, қалай айтсақ та сиықты, арда туған азамат еді ғой.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері.