Айтыс аламанында өткір сөз, шынайы әзілімен, ұшқыр ойымен кешегі Біржан сал менен Сара қыздың айтысының сарынын үзбей бүгінгі күнге жеткізген «Алтын домбыра» иегері Мақсат Асылмұратұлына туған ауылы Ақтоғайдың халқы ерекше ілтипат көрсетіп, құрмет жасады. Арқаның атын асқақтатқан азаматты елі төбесіне көтерді. Дарын иесін «Домбыра» монументінің алдынан күтіп алған жұртшылық ән мен жырдан шашу шашты. Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебеков арда азаматты құттықтап, астына ат мінгізді. Тағылымды шара ауданның мәдениет үйінде жалғасты.

Әнмен әрленіп, кестелі сөз, келісті оймен өрбіген кешті аудан басшысы Руслан Айтыкенұлы ақын Мақсат Ақановқа Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы атағын табыстаумен бастады.
– Құрметті Мақсат Асылмұратұлы, сізді «Алтын домбыра-2023» республикалық ақындар айтысында топ жарып, оза шапқан жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! «Қуана білгенге, құт келеді» демекші, осы қуанышқа ортақтасып жатқан баршаңызға алғысымызды білдіреміз. Мақсаттай алтын ұлды өмірге әкелген алтын құрсақты анамызға басымызды иіп, құрмет көрсетеміз. Қадірлі Мақсат Асылмұратұлы, бұдан былай да, ауданымыздың өнері мен мәдениетіне үлесіңізді қосып, ел сенімінен шығатындығыңызға сенімдімін! Тарихи жеңісіңізбен құттықтай отырып, Ақтоғай ауданы мәслихатының шешіміне сәйкес, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы атағын табыстап отырмыз. Айтыс аламанындағы жеңісіңіз аудан ғана емес, Арқа жұртшылығы үшін зор мәртебе, – деді Руслан Кенжебеков.
Сонымен қатар, шара барысында «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздары және дәстүрлі әншілер Сәттар Сәрсенқұлов пен Бекжан Әкей әуелете ән салды. Халықаралық жəне республикалық конкурстардың лауреаты Мадияр Сүлейменов күмбірлете күй төкті. Сондай-ақ, Мақсаттың айтыстағы, әсіресе, қыз бен жігіт айтысындағы айтқан әзілдеріне шолу жасалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Бұдан кейін сахнаға көтерілген ақындар Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, Дидар Қамиев сөздің майын тамызып, жырдан шашу шашып, кештің көрігін қыздырды. Қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетіп, абзал қасиетті танытып, ел мен жердің, қоғамның келеңсіз жайттарын жырына арқау еткендігін қос ағасы Тілеген мен Айтбай тілге тиек етті. Дидардың арнауы жырға шөліркеген ақтоғайлықтардың айызын қандырып, көрерменді серпілтіп тастады.
«Айтыстағы асыл домбыраны, Арқаға Асылмұраттың көзі алып келді» деген Дидардың жырын әрі жалғаған Айтбай ақын да жыр жаудырды.
Туыстарының тілегін жеткізген Қайрат Қошантаев, Дүйсен Мажманов және ақын-жазушы Серік Сағынтай, «Әлтеке Жидебай батыр» қоғамдық қорының президенті Бақытжан Әрінов ақынға ат мінгізіп, сый-сияпат жасады. Сарыарқаның Сары тентегі, ақын Қуаныш Мақсұтов та арғымақтай арындап, думанға жиылған дүйім елдің ыстық ықыласына бөленді.
Ақынның есімін ұлықтауға арналған шарада «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі шырқаған Амантай Жұмашовтың «Ән мекені – Ақтоғай» әні, Қойлыбай Асановтың сөзіне жазылған Дәуренбек Әркеновтің «Арқаның алтын аймағы» әні, Абзал Бөкеннің сөзіне жазылған «Ақтоғай – алтын бесігім» әні тыңдарманды тамсандырды.
Кеш барысында ақынды алқалаған жұртшылықтың алғысқа толы бата-тілектері, жылы лебіздері Мақсаттың мерейін өсірді. Әр сөзі қорғасын құйған сақадай алшысынан түсіп, жыр дегенде жүрісінен су төгілмес тарпаңдай басқан жорғадай жаңылмайтын ақын халқына алғысын өлеңмен жеткізді.
Тоқырауынның арнасы сумен емес, жырмен толысқандай болды. «Ақынын ұлықтаған ел бақытты» деген ұстанымды ұстанған аудан әкімі бұл бекзада өнердің кеші екендігін нақтылап берді. Оған игі шарадан қуана тарқасқан көрермен дәлел.
Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz