Бас тақырып

Сұлу сөздің сұңқарлары

Жыл сайын Қарағанды облысында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Алтын сұңқар» облыстық байқауы дәстүрлі негізде өтетіні белгілі. Биыл да қолына қалам қармаған журналистік жолдағы барлық өкілдер байқауға қатысуға мүмкіндік алды. Облыс әкімінің атаулы сыйлығын табыстаудың кезекті салтанатты рәсімі «Arista» салтанат сарайында өтті. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі де жүлдеден құр алақан емес. Әріптесіміз, «Life09» ақпараттық агенттігінің шығарушы редакторы Жанайдар Майкен «Алғашқы жетістіктері үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, іргелі ұжымның мерейін тасытты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Қадірменді ардагер журналистер мен ақпарат саласының өкілдері! Бүгінгі таңда қоғамға шынайы ақпарат ұсына білу, әлеуметтің көкейіндегі мәселелерді билік тарабына ұғынықты жеткізе білу қастерлі борыш. Ел тынысын тамыршыдай тап басып түрлі деңгейлерде жеткізуде сіздердің еңбектеріңіз атап өтуге тұрарлық. Сіздер ұсынған ақпар біздің дер шағында дұрыс шешім қабылдауымызға өлшеусіз септігін тигізеді. Шынымды айтсам, әр күніміз жаңалық оқумен басталып, мәлімет саралаумен тәмамдалып жатады. Осы мерейлі сәтті пайдалана тұрып, өзімнің және облыс әкімдігінің атынан риясыз рахметімді жеткізгім келеді. Біз әрдайым ашықпыз. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы.

Биыл байқау ережелеріне өзгерістер енгізіліп, іріктеу екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде үміткерлер арнайы интернет-ресурста өтінімдерін жолдаған еді. Осы кезең қорытындысы бойынша Қарағанды облысының журналистер қоғамдастығының дауыс беруі өткізілді. Одан әрі жиналған дауыстардың ең көп саны бойынша әр номинация бойынша үш үміткер анықталды.

Екінші кезеңде арнайы құрылған комиссия әр номинация бойынша іріктелген 3 үміткердің ішінен жеңімпаздарды саралап, анықтады. Ағымдағы жылы дүбірлі байқауға түскен өтінімдердің жалпы саны 140-қа жуықтады. Нәтижесінде «Алтын сұңқар» сыйлығының он номинациясы бойынша он журналист және бір жеңімпаз облыс әкімінің арнайы сыйлығына еге болды.

«Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясында «5 арна» телеарнасының директоры әрі продюсері Елена Строчкова жеңіске жетті. «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» номинациясы бойынша «Бірінші Қарағанды» арнасының редакторы Андрей Тен үздік деп танылса, «Объектив шебері» номинациясында «ASTANA» телеарнасының бейнеоператоры Жанайдар Рахымжанов жеңіске жетті. «Ауыл тақырыбын үздік жариялау» аталымы номинациясы бойынша үздік жарияланымдары үшін «SARYARQA» телеарнасының редакторы Жанбота Елубаев марапатталды. «Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау» номинациясы бойынша сыйлық «Ratel.kz» интернет-порталының тілшісі Анастасия Багроваға табысталды. «Өндірістік тақырыпты үздік қамту» номинациясы бойынша «Хабар 24» республикалық телеарнасының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Бағдәулет Дәуренбек үздік деп танылды. «Алғашқы жетістіктері үшін» номинациясы бойынша «Life09» ақпараттық агенттігінің шығарылым редакторы Жанайдар Майкен жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» номинациясы бойынша «Temirtau tynysy» газеті топ жарды. «Мәнер мен атқарымдылығы үшін» номинациясында «Atameken business chanel» республикалық арнасы корреспонденттік пунктінің бейнемонтажері Айнұр Рақышева марапатталды. «Әлеуметтік желілердегі өзекті мәселелерді үздік жариялағаны үшін» номинациясында «VK gazeta» паблигінің әкімшісі Ерлан Жетенов марапатқа ие болды. Облыс әкімінің «Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын 85 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтоғай аудандық «Aqtogai Ajary» газеті қанжығалады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button