Қарқаралы

Оңалтуға оң қадам

Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін бала саны 55 мыңға жетті. Олардың қоғамнан қағажу көрмей, сапалы білім алуы да маңызды. Қолайлы орта қалыптастыру, инклюзивті білім беру мақсатында педогогикалық-психологиялық орталықтар жұмыс жасауда. Соның бірі – Қарқаралы қаласында орналасқан №4 психологиялық-педагогикалық түзету орталығы.

Мұнда аудан аумағындағы 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар – көру, есту қабілеті бұзылған, сөйлеу тілі мен психикалық дамуы тежелген, тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.

– Орталық дамуында проблема бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу қызметін көрсетеді. Түзету кабинетіне балаларды қабылдау «Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес» мекемесінің қорытындысы бойынша ата-аналардың келісімімен жүзеге асады. Орталықта білімді мамандар әр баланың жағдайын ескере отырып, «Малахит» автоматтандырылған бағдарламасы арқылы арнайы сабақтар жүргізеді, – дейді №4 психологиялық-педагогикалық түзету орталығының директоры Айдарбек Нұржанов.

Елімізде ерекше балаларды қолдау 40%-ды қамтыды. Өткен жылы бұл топтағы 30 мың балаға қызмет көрсетілсе, биыл 50 мыңнан асты.

– Жалпы балада байқалатын ауытқулардың негізгі себебі ата-ананың әлеуметтік жай-күйіне тікелей байланысты. Тек 30% ғана тұқымқуалаушылықтан туындауы мүмкін. Ата-ананың зиянды әрекеттерге әуес болуы, отбасындағы ұрыс-керіс, түрлі вирустар мен инфекцияларды жұқтыру сау ұрпақтың дүниеге келуіне басты кедергі десе болады. Сонымен қатар, ата-ананың баланы бақылауда ұстамауында. Бала таңнан қара кешке дейін гаджетте отырады. Қарым-қатынас пен сөйлесуден қалады. Өз әлемімен әлек болып отырады. Елімізде жыл сайын бұл санаттағы балалар санының артуы қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Әрі олардың барлығы орталықтар орналасқан жерден қашық жатыр. Алыс елді мекендердегі балаларды қамту мүмкін емес, – дейді логопед Индира Мағауина.

Мемлекет тарапынан да ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларын қолдау шарасын ұйымдастыру қолға алынды. Оларға медициналық, әлеуметтік қолдаумен қатар, дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде елімізде 460 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс жасаса, аймақта олардың саны –18. Олар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және оңалту орталықтары ретінде жұмыс жасайды. Қызмет көрсету ауқымы – 90%-дан жоғары.

Ауданда түзету кабинеті ашылғаннан бері дамуында проблемасы бар 74 балаға әлеуметтік оңалту және бейімдеу қызметін көрсетіп жүр. Жеке дамыту бағдарламасына орай, түзете-дамыту қызметін көрсету жас ерекшелігіне байланысты 35-45 минут ұзақтығымен аптасына екі рет жеке дамытушы, шағын топтық және топтық сабақтары жүргізіледі. Мекемеде 12 қызметкер жұмыс жасайды. Олар дефектолог, логопед, педагог-психолог, емдік дене тәрбиесі бойынша нұсқаушы мамандар. Кабинеттер арнайы құралдармен жабдықталған.

– Балам Назираны бұл мекемеге әкеліп жүргеніме бір жылдан асты. Аптасына екі рет барамыз, сабақтан қалған емеспіз. Менің балам аса кісі жақтыра қоймайтын, тұйық бала болды. Бұл жерге келгелі мұғалімдермен араласып, сөйлесіп, дұрыс қарым-қатынас орнатты. Сурет салуды жақсы көреді. Мекеме директорынан бастап, сабақ беретін ұстаздарының көзқарастары дұрыс, үнемі қамқорлық танытып жүреді, – деп ризашылығын білдірді анасы Нұргүл Исина.

Ата-ана үшін баласының ерекше қажеттілікке мұқтаж болғандығы ауыр соққы, тіптен алғашында мойындамайтын жағдайлар да кездеседі. Ерекше қажеттілікке зәру балаларды тәрбиелеу, оқытудың машақаты өз алдына. Десек те, бала бойындағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға, нақты диагноздың қойылуына мән беру басты мәселе.

Сағыныш ӘБІЛ

Қарқаралы ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button