Бас тақырыпРеспублика күні

Қасиетке тұнған кеш

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында салтанатты кеш өтті. Туы тігілді. Әнұран шырқалды. Тәуелсіздіктің тәжіндей Республика күніне орайластырылған ресми шарада сөз алған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кенді өңіріміздің тұрғындарын құттықтап, ақ тілегін білдірді. Арқаның ардақты ерлері мен ханымдарын салтанатты түрде марапаттады.

Қазақстан халқы 13 жылдан кейін Ұлт мерекесі болып қайта жаңғырған Республика күнін тойлау үстінде. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII Қаулысымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Құзыретті құжатта Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Егемендігі жарияланып, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері әйгіленді. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, 25 қазан – Ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни, 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды… Тәй-тәй басқан тәуелсіз жұрттың тұсауын кескен әз-Тәукенің мизамындай, талайлы тарихымыздың алғышартындай құжаттың шынымен тарихи рөлі орасан. «Бүгін біз мерекелік күнтізбемізде Республика күнінің қайта жанданғанына куәгер болып отырмыз. Ал, бұл мереке қазақстандықтардың алтын бастауын, сабақтастығын, тарихи тұрғыда халқымыздың мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы ерік-жігерін құрметтеуінің нышаны болғанын білдіреді», – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы.

Облыс басшысы кейінгі үш жылдың мұғдарында жеткен жетістік жайында баяндады. Осы кезеңде облысымыздың жалпы ішкі өнімі 5,4-тен 7,4 трлн. теңгеге дейін ұлғайған. Осы кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,7 есе, ауыл шаруашылығы 1,5 есе өскен. Бұ кезеңде тұрғын үйдің жалпы ауданы 1 614 мың шаршы метрді құрады. 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Әлбетте, мұны өркен жайған өндірісті өңірдің әр еңбек адамының маңдай терінің өтеуі; ардақ тұтар ардагерлер ақылының татымы; дербестіктің бастауындағы байсал жандардың басалқысы; кеншілер қайласының қайырымы; дәрігерінің дәруі; жібектей есілген мәдениет майталмандары мен мұғалімінің тәлім нұры; сарыжайлау Сарыарқамыздың сандаған этнос өкілдерінің тілеуқорлығы; естуші мемлекет естиярларының есіл еңбегі; жастарының жалыны деп топшылаған абзал. Өткенге салауат, келешекке нық сенім!

Салтанаты мен салты келіскен шара жалғасында емен-жарқын елдің еркелері мен серкелерінің кеудесіне Мемлекет басшының қаулысымен орден-медаль бұйырды. Жіпке тізіп көрелік.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен «Фитохимия халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ бас директоры Серғазы Әдекенов, «Шахтер футбол клубы» АҚ атқарушы директорының орынбасары Нұрғазы Жарылғапов, «Тритон 2003» құрылыс компаниясының президенті Айбек Жұмабеков марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін «Шұбаркөл көмір» АҚ жүргізушісі Жәнібек Жылқыбаев иеленді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Сарыарқа ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалымжан Жұмасұлтанов, «Қарағанды турбо-механикалық зауыты» ЖШС слесарі Юрий Ивакин, жеке кәсіпкер Жұмабике Кәрібаева, еңбек ардагері Мағрипа Кәрібекова, «Рябина» қоғамдық қауымдастығының төрағасы Владимир Кошевец, «Қарағанды энергоцентр» ЖШС слесарі Владимир Люфт, «Қазақтелеком» АҚ өңірлік басқармасының директоры Игорь Лялин, «Граждане Казахстана» ҚБ директоры Дмитрий Полтаренко, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ электрослесарі Бөлекбай Сағандықов, еңбек ардагері Әділхан Смағұлұлы, «Берік» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Қарикенов, «Балқаш қаласының мемлекеттік активтер және сатып алулар бөлімі» ММ басшысы Гүлнара Өтембекова, «Қарағанды индустриялық университеті» КЕАҚ профессоры Анатолий Филатов, Теміртау қалалық сайлау алқасының төрайымы Наталья Шевченко наградталды.

«Шапағат» медаліне Ақтоғай аудандық орталық ауруханасының кардиолог-дәрігері Жанар Әбдіғұлова, еңбек ардагерлері Надежда Алексеева, Әшімжан Жанасбаев «Қарағанды облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және күрес жөніндегі орталық» КМК директоры Бейбіт Сағымбаев, «Нұрлы білім» диструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары Рүстем Сыздықов еге болды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің көркемдік жетекшісі Дәуренбек Әркенов еншіледі.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының басшысы Дина Аманжолова, Қарқаралы аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Қанат Ахмадиев, «Космонавт қонақ үйі» ЖШС директоры Дмитрий Баландин, «Арыстан» спорт клубының жаттықтырушысы Берікбол Ермағамбетов марапатталды.

Ерекше еңбегі және Қарағанды облысы мен Қазақстан Республикасының дамуына қосқан жеке үлесі үшін «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын біліктілігі жоғары хирург, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қани Мұсылманбеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, «Олимпийский резерв» жеке спорт мектебінің директоры, Қазақстан Республикасы ұлттық олимпиадалық комитетінің құрметті мүшесі Анатолий Степаненко марапатталды. Ұзын ырғасы облыстың әр түкпірінен 34 адам түрлі деңгейдегі марапатқа ие болып, еңбегі еленді.

Күмбір-күмбір күйімен, әуелеген әнімен, мың бұралған биімен үйлескен шалқар шара ондағы жандардың жұмыр жүректеріне толассыз мейір, рух дарытты. Керегедей керілген кенді өңірдің кермиық кеші ендігі тарихта осынысымен есте қалмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button