Жаңалықтар

Соңғы қоңырау 31 мамырда соғылады

Елімізде 2022-2023 оқу жылында соңғы қоңырау 31 мамырда соғылуы мүмкін, – деп хабарлайды Ortalyq.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап. 

Айта кетейік, жақында «Ашық НҚА» порталында оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту туралы бұйрық жобасы жарияланды. Бұйрық жобасы 5 тамызға дейін қоғам талқылауында болады. Соған сәйкес, 1-сыныптар 35 апта, ал 2-11 (12) сынып оқушылары 36 апта оқиды. Бұл бастама бір күндегі сабақ санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтқан еді министрлік.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021-2022 оқу жылында республика бойынша 7 385 орта білім беретін мектеп жұмыс істеді. Оның 6 942-і – мемлекеттік, 443-і – жекеменшік мектеп. Ішінде 151 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Алматы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында орналасқан.

Елімізде 2017 жылдан бастап мектептерде бес күндік оқыту енгізілді. Алайда оқушылар 2021-2022 оқу жылында 2 839 мектеп 6 күндік оқу аптасы бойынша білім алды.

«Бес күндік оқыту ата-аналардың өтініші бойынша қабылданды. Алайда сенбідегі оқу сағаттары бес күнге ауысып, кестеде 7-8 сабақ пайда болды, оқушыға жүктеме едәуір артты. Бұл екі, әсіресе, үш ауысымда оқитын балалар мен мектептер үшін қиындық болды, себебі күнделікті сабақтар кешкі сағат сегізге дейін созылды», – деп жауап берді мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті мамандары.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, оқушылар демалысын қысқарту бастамасы үш ауысымда білім беретін мектептер санын азайтуға бағытталмаған. Дей тұрғанмен, үш ауысымда оқытатын мектеп оқушыларының мектептен үйге ертерек әрі қауіпсіз жетуіне жағдай жасайды.

«Биыл шамамен үш ауысымда оқытатын мектептердің саны 24 мектепке қысқарып, олардың саны 127-ге дейін азаяды деп жоспарланған», – деп жауап берді министрлік.

Министрліктің бұйрық жобасы қолданысқа енсе, оқу жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алмақ. Атап айтқанда, жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталуы мүмкін. Соған сәйкес соңғы қоңырау уақыты да 31 мамырға дәл келеді. «Соңғы қоңырау да 31 мамырда соғылады. 1 маусым – Балаларды қорғау күні жазғы демалыстың бірінші күні болады», – делінген министрліктің Halyq Uni ақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Сондай-ақ, оқу аптасы 34 аптадан 36 аптаға ұзартылады. Сол себепті, оқу жоспары да, оқу бағдарламасы да өзгереді.

«Мысалы, аптасына 34 аптада математика аптасына 4 сағаттан 136 сағат оқытылса, 36 оқу аптасында 144 сағатқа артады. Қазақ тілі мен әдебиеті 170 сағаттың орнына аптасына бес сағаттық жүктеме кезінде 180 сағат оқытылады», – делінген ақпаратта.

Сәйкесінше мұғалімдердің жылдық жоспарына, сондай-ақ әр пән бойынша күнтізбелік тақырыптық жоспарларға да өзгерістер енгізіледі.

Басқа материалдар

Back to top button