Саяси науқанға 10 мыңнан астам кандидат қатысады
Бүгін,Қазақстанның барлық өңірінде аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Саяси науқанға 10 мыңнан астам кандидат қатысады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Депутаттық мандатқа қанша үміткер таласады?
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, бұл жолы 3 447 депутаттық орынға 10 971 кандидат тіркелген. Оның ішінде 1 219 үміткер партиялық тізімге енгізілсе, 9 752 адам бірмандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған. Осылайша, әрбір депутаттық мандатқа орта есеппен үш кандидаттан келеді.
Сайлау нәтижесінде:
- 20 облыстық мәслихатқа – 668 депутат;
- 38 қалалық мәслихатқа – 626 депутат;
- 170 аудандық мәслихатқа – 2 153 депутат сайланады.
Мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Сайлау науқанына жеті саяси партия қатысады. Олар: «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы және Respublica.
Дауыс беру уақыты
Еліміз бойынша 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 9 782-сі азаматтардың тұрғылықты жерінде орналасса, 556 учаске ауруханалар, әскери бөлімдер және басқа да арнайы мекемелерде ашылған.
Негізгі учаскелерде дауыс беру сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Ал заңнамада көзделген жағдайларға байланысты 101 учаске таңғы сағат 06:00-де жұмысын бастаған.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 679 459 азамат енгізілген. Дауыс беру үшін жеке басты куәландыратын құжат қажет.
Сайлау учаскесін қалай анықтауға болады?
Азаматтар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін gov.kz платформасындағы арнайы онлайн-сервистер арқылы біле алады. Бұл мүмкіндік eGov Mobile қосымшасында да қолжетімді.
Бұған қоса сайлаушыларға SMS-хабарламалар мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы учаскенің мекенжайын анықтауға арналған сілтемелер жіберілген.
Бюллетеньдердің түсі нені білдіреді?
Дауыс беру кезінде сайлау деңгейіне қарай түрлі түсті бюллетеньдер таратылады.
- Көгілдір бюллетень – партиялық тізім бойынша дауыс беруге арналған;
- Жасыл бюллетень – бірмандатты округтегі кандидатқа дауыс беру үшін беріледі;
- Күлгін бюллетень – облыстық маңызы бар қала мәслихатының депутатын сайлауға арналған;
- Қызғылт сары бюллетень – аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін қолданылады.
Сайлау нәтижесі қашан жарияланады?
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысы дауыс беру күнінен кейін бес күннен кешіктірілмей анықталуға тиіс. Демек, нәтижелер 4 желтоқсанға дейін белгілі болады.
Еске салайық, 12 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Науқан алдында Бас прокуратура азаматтарға үндеу жасады.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



