Жаңалықтар

Кәсіпкерлер музыка үшін жаңа жүйемен ақы төлейді

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы кафе, мейрамхана, бар және өзге де қоғамдық тамақтану орындары QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына қосыла бастайды. Жаңа жүйе қоғамдық орындарда орындалатын музыкалық шығармаларды тіркеп, олардың авторлық құқық иелерін анықтауға және тиісті сыйақыны әділ бөлуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ortalyq.kz kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет ЖИ арқылы жасалмай

Kazpatent директоры Сабит Ахметовтің айтуынша, қазір платформаға телеарналар мен радиостанциялар қосылған. Енді музыканы келушілерді тарту және мекеменің атмосферасын қалыптастыру үшін пайдаланатын кәсіпкерлік нысандарды қамту жоспарланып отыр.

Бұл ретте әр кафе мен мейрамхананы жеке-жеке тексеру көзделмеген. Оның орнына Қазақстан бойынша кездейсоқ іріктеу арқылы 500-600-ге жуық мекеме таңдалады. Іріктеу кәсіпорындардың қызмет түрін айқындайтын ЭҚЖЖ кодтары негізінде жүргізіледі.

– Іріктеу кездейсоқ жүргізіледі. Оған авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарына тәуелсіз мекемелер қатысады. Бұл жұмыстың объективті әрі бейтарап болуын қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді Сабит Ахметов.

Іріктелген мекемелерден алынған музыка қолдану туралы есептер сол санаттағы басқа нысандарға да қолданылады. Осы мәліметтер негізінде жүйе авторлар мен орындаушыларға тиесілі сыйақы көлемін есептейді.

Іріктеуге енген мекемелер өздерінің жобаға қатысатынын біледі. Алайда басқа қатысушылардың тізімі жарияланбайды.

Kazpatent басшысының сөзінше, жаңа тәсіл авторлық құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдары өкілдерінің кафе мен мейрамханаларды аралап, музыканың қолданылуын тексеру тәжірибесінен бас тартуға мүмкіндік береді.

– Бұрын мұның бәрі қағаз жүзінде жүргізілді. Жүйе жабық әрі ашық емес еді. Қанша қаражат жиналатынын және оның авторларға жететін-жетпейтінін ешкім білмейтін. Ал жаңа платформа барынша ашық жұмыс істейді: музыка қай жерде, қанша рет орындалғанын және оған қанша қаражат жиналғанын көруге болады, – деді ол.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button