ҚазҰУ студент қыздың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзіне дене жарақатын салған студент қыздың жағдайына қатысты түсінік берді. Университеттің мәліметінше, қыз жедел жәрдем шақырған. Қазір оның жағдайы тұрақты,деп хабарлайды Ortalyq.kz Inform.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аурухана медициналық құпияны сақтау және заңнама талаптарына сәйкес науқастың жағдайы туралы толық ақпарат бермеген.
«Біз студент қыздың ата-анасымен тығыз байланыстамыз. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты», – деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Оқиғаның барлық мән-жайын қазір құзырлы органдар анықтап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне дене жарақатын салғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде ҚазҰУ бұл мәліметті жоққа шығарған болатын.
Соңғы уақытта университетте студенттердің қаза болуына қатысты бірнеше оқиға тіркелді. Осы жайттардан кейін күдікті ұсталып, проректор мен декан қызметінен кетті. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы тобы университетке тексеру жүргізу үшін баратыны хабарланған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



