Тұрмыс сапасының өлшемі – нақты қызмет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарды толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтуды тұрмыс сапасын арттырудың маңызды шарты ретінде атап өтті. Бұл міндет әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындар үшін айрықша мәнге ие. Өйткені, сапалы білім мен медициналық көмекке, таза ауызсуға, қолайлы көлік қатынасына және үздіксіз жұмыс істейтін инженерлік желілерге қолжетімділік – халық әл-ауқатының басты көрсеткіштері. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысындағы қала-аудандардың инфрақұрылымдық жағдайы мен әлеуметтік қызметтердің сапасына назар аудару маңызды.

Облыста бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылғанымен, шешімін күткен мәселелер де бар. Мәселен, 2026 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, денсаулық сақтау саласындағы 409 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының 185-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал, 70 елді мекенде медициналық нысан мүлдем жоқ. Өңірде дәрігер тапшылығы 131,25 штат бірлігін құрайды. Оның ішінде ауылдық және аудандық медициналық ұйымдарға 34,25 дәрігерлік штат бірлігі жетіспейді. Әсіресе Ақтоғай, Қарқаралы ауданында және Приозерск қаласында маман тапшылығы байқалады. Бұған қоса, 174 елді мекенде тәулік бойы автокөлік қатынасының болмауы шалғайдағы тұрғындардың медициналық көмекке уақытылы жетуін қиындатады.
Білім беру саласында да қала мен ауылдың қажеттілігі әртүрлі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында жарияланған мәліметке сәйкес, Қарағанды қаласында жаңа мектептердің ашылуы нәтижесінде оқушы орындарының тапшылығы 4 577-ден 1 844-ке дейін қысқарған. Балқаш қаласында үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілген. Ал, Бұқар жырау ауданындағы бірқатар ауылда жаңа мектептердің салынуы ауыл балалары үшін білім беру жағдайын жақсартуға бағытталған. Дегенмен, білім инфрақұрылымын дамытуда әр елді мекеннің демографиялық ахуалы мен оқушы санының өзгерісін ескеру маңызды.
Инженерлік желілердің жай-күйі де тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді. 2026 жылғы қарашада жарияланған деректерге сәйкес, Қарағанды облысындағы жылу, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы 34 649 шақырымнан асады. Алайда, олардың орташа тозу деңгейі 62,7 пайызды құрайды. Әсіресе, су бұру желілерінің 75,3 пайызы, электр желілерінің 68,3 пайызы тозған. Бұл көрсеткіштер коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының әлі де ауқымды екенін аңғартады.
Ауызсумен қамту бағытында белгілі бір нәтижелер бар. Мәселен, 2026 жылғы қарашада жарияланған деректерде қалалардағы су құбыры желілерінің тозуы 65,6 пайызға жеткені көрсетілген. Демек, мәселе тек су жеткізуде емес, оның сапасы мен үздіксіз берілуін қамтамасыз етуде де жатыр.
Көлік қатынасы мен жол инфрақұрылымы да тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі. Әсіресе аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдар үшін тұрақты көлік қатынасы мектепке, емханаға және басқа да әлеуметтік нысандарға жетудің негізгі шарты саналады. Сондықтан жол жөндеу мен қоғамдық көлік бағыттарын дамыту мәселесі де өңірлік саясаттың маңызды бағыты болуы тиіс.
Түптеп келгенде, Қарағанды облысының даму деңгейін салынған нысандардың санымен немесе игерілген қаражат көлемімен ғана бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – тұрғындардың сол қызметтерді күнделікті өмірде қаншалықты пайдалана алатыны. Қала мен ауыл, аудан орталығы мен шалғай елді мекен арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайту үшін инфрақұрылымды халықтың нақты қажеттілігіне сай дамыту қажет. Өйткені, тұрмыс сапасының шынайы өлшемі – қағаздағы көрсеткіш емес, әр азамат сезінетін нақты өзгеріс.
Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте Қарағанды облысында да білім беру, денсаулық сақтау, ауызсумен қамту және инженерлік желілерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуы тиіс. Әсіресе, шалғай елді мекендердің қажеттілігіне басымдық беру маңызды. Өйткені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы әрбір тұрғынның сапалы қызметке қол жеткізуімен өлшенеді. Ал, бұл – Жолдауда қойылған міндеттердің нақты өмірдегі көрінісі.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



