Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Қарағандыда паралимпиадалық ат спортының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов паралимпиадалық ат спорты (атпен мәнерлеп жүру) бойынша әлем чемпионаты мен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздарын, жүлдегерлерімен кездесті. Кездесуде спортшылардың жарыстарда көрсеткен нәтижелері айтылып, жетістіктері атап өтілді.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқарма басшысы өз сөзінде:
– Сіздерді әлем чемпионаты мен әлем кубогындағы, сондай-ақ Қазақстан чемпионатындағы жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңістерде жаттықтырушылардың еңбегі зор. Осындай талантты спортшыларды тәрбиелеп, үнемі қолдау көрсетіп жүрген бапкерлерге алғысымды білдіремін. Қарағанды облысында осы спорт түрлері алдағы уақытта да дамып, жаңа белестерді бағындырады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді ол.

Қарағанды облысының паралимпиадалық ат спорты командасының жаттықтырушысы иппотерапия нұсқаушысы Амина Есина өз сөзінде жетістігімен бөлісті.

– Қарағандылық параспортшылар ат спорты туризмінен өткен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғады . 25-30 қазан аралығында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды облысының бес өкілі өнер көрсетті. Жеке сайыста Ерсайын Әшім мен Әлішер Махин алтын медаль жеңіп алды. Амина Есина екінші, Әлихан Ұзақбай ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, Әлішер Махин ерлер арасында, Амина Есина әйелдер арасында қола жүлдегер атанды. Командалық жарыста Қазақстан құрамасы топтық эстафетадан І орын алды. Командалық жарыстың тағы бір кезеңінде Дулатбек Әкпар ІІІ орынға тұрақтады. Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте әлем чемпионатының қола кубогын иеленді. Қарағандылық спортшылар паралимпиадалық ат спорты бойынша Қазақстан чемпионатында да жеңіске жетті. 10-11 қараша күндері Астанада өткен жарыста Владимир Воронин мен Айзере Ахметжан алтын медаль алды. Бұл Қарағанды спорты үшін үлкен жетістік! – деп атап өтті жаттықтырушы.

Кездесу соңында спортшылар мен жаттықтырушылар естелік суретке түсіп, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button