Жаңа Конституция – халық игілігінің кепілі
Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, қоғамның даму бағытын белгілейтін басты құжат. Жаңа Ата заң аясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін арттыру негізгі басымдық ретінде айқындалды.

Конституциялық реформа нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесі өзгерді. Екі палаталы Парламенттің орнына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылды. Вице-президент институты қайта енгізіліп, консультативтік орган ретінде Халық Кеңесі жасақталды. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді. Ұсталған адамға құқықтарын түсіндіру, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келген зиянды өтеу нормалары бекітілді. Цифрлық деректерді қорғау, зияткерлік меншік, экология және волонтерлік мәселелері де конституциялық деңгейде көрініс тапты.
Ата заңда әлеуметтік мәселелерге де айрықша мән беріледі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, сапалы медициналық көмек пен қолжетімді білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау – мемлекеттің маңызды міндеттері. Әсіресе, медициналық қызметтің сапасын жақсарту, ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту және дәрігер тапшылығын азайту азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Жаңа Конституцияның мәні тек мемлекеттік құрылымдарды өзгертумен шектелмейді. Оның басты өлшемі – азаматтардың құқықтарының қорғалуы, әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілуі және заң үстемдігінің күнделікті өмірде жүзеге асуы. Бұл – мемлекет пен қоғамға ортақ жауапкершілік.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
Ortalyq Qazaqstan



