Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі азайды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бақыланбайтын экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 15,7 пайызды құраған. Қазақстанның ЖІӨ көлемі 159,6 триллион теңгеден асқанын ескерсек, бұл шамамен 25 триллион теңгеге тең. Ал он жыл бұрын аталған көрсеткіш 27,5 пайыз болған. Осылайша, бақыланбайтын сектордың үлесі 12 пайыздық тармаққа қысқарған.
Айта кету керек, бақыланбайтын экономика ұғымы тек заңсыз кәсіпкерлікпен шектелмейді. Оған ресми статистикада толық көрсетілмейтін заңды экономикалық қызмет түрлері де кіреді. Мәселен, кәсіпкерлікті тіркемей жұмыс істеу, табысты толық көрсетпеу немесе еңбекақыны бейресми төлеу.
Өңірлердегі жағдай қандай?
Бақыланбайтын экономиканың үлесі облыстар бойынша әртүрлі. 2025 жылдың қорытындысында ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркеліп, 27,8 пайызды құраған. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 26,1 пайыз болса, Жамбыл облысында 25,7 пайызға жеткен.
Ал Атырау облысында бақыланбайтын сектордың үлесі 4,5 пайызды, Ұлытау облысында 5 пайызды құрайды. Өңірлер арасындағы айырмашылыққа олардың экономикалық құрылымы да әсер етеді. Ірі кәсіпорындар мен орталықтандырылған есеп жүйесі басым аймақтарда экономикалық операцияларды бақылау жеңілірек. Ал шағын сауда, жеке қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы кең тараған өңірлерде барлық кіріс пен операцияны есепке алу күрделірек.
Саудада оң өзгеріс бар, құрылыста көрсеткіш өскен
Соңғы бес жылда бірқатар салада бақыланбайтын экономиканың үлесі төмендеген. Әсіресе қызмет көрсету саласында оң динамика байқалады. 2020 жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 15 пайызын құраса, 2025 жылы 11,1 пайызға дейін азайған.
Сауда саласындағы есепке алынбайтын қызметтің үлесі 5,6 пайыздан 3,1 пайызға түскен. Бұған онлайн-кассалардың енгізілуі, тауарларды таңбалау және электронды сауданың дамуы ықпал еткен. Қазір сатып алу-сату операцияларының басым бөлігі цифрлық жүйелер арқылы тіркеледі.
Логистика саласында да көрсеткіш 2,9 пайыздан 1,1 пайызға дейін төмендеген. Ауыл шаруашылығында 2,6 пайыздан 1,8 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 1,3 пайыздан 1 пайызға қысқарған.
Алайда кейбір бағыттарда кері үрдіс байқалады. Мәселен, құрылыста бақыланбайтын экономиканың үлесі 1,1 пайыздан 1,9 пайызға дейін өскен. Бұған құрылыс жұмыстарында еңбекақыны бейресми төлеу және басқа да есепке алынбайтын операциялар әсер етуі мүмкін.
Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда көрсеткіш 0,6 пайыздан 1 пайызға артқан. Қонақүй және мейрамхана бизнесінде 0,1 пайыздан 0,5 пайызға, ақпараттандыру және байланыс саласында 0,4 пайыздан 0,6 пайызға дейін өскен.
Ал заңсыз экономикалық қызметтің ЖІӨ-дегі үлесі соңғы бес жылда 1,7 пайыздан 1,1 пайызға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш бақыланбайтын экономиканың жалпы көлемінен бөлек есептеледі.
Саудадан мұнай өңдеу саласына дейін цифрландыру көзделген
Көлеңкелі экономиканы одан әрі қысқарту үшін Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітті. Құжатта сауда, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, логистика және басқа да салалардағы операциялардың ашықтығын арттыру қарастырылған.
Соның бірі – Digital Bazaar жобасы. Ол базарлар мен сауда орталықтарының жұмысын цифрландыруға бағытталған. Сонымен қатар міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығында егістіктен бастап дайын өнімнің сатылуына дейінгі процесті қамтитын цифрлық жүйе енгізу көзделген. Бұл өндірілген және сатылған өнім көлемін нақты есепке алуға көмектеседі.
Мұнай-газ саласында мұнай өңдеу зауыттарының материалдық-шикізат балансын автоматтандыру жоспарланып отыр. Жүйе кәсіпорынға түскен шикізат көлемі мен өндірілген өнім мөлшерін салыстыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы есепке алынбаған операцияларды анықтау көзделген.
Логистикада KEDEN және e-CMR цифрлық платформаларын біріктіру қарастырылған. Бұл жүк тасымалын бақылауды жеңілдетіп, құжат айналымының ашықтығын арттырады. Ал электрониканың заңсыз импортына тосқауыл қою үшін құрылғылардың IMEI-кодтарын тексеру жүйесін KEDEN платформасымен байланыстыру жоспарланған.
2028 жылға дейін қандай межеге қол жеткізілмек?
Кешенді жоспарға сәйкес, бақыланбайтын экономиканың ЖІӨ-дегі үлесін 2026 жылдың қорытындысында 14,5 пайызға, ал 2028 жылға қарай 13,8 пайызға дейін төмендету көзделген.
Қызмет көрсету саласында көрсеткішті 11,1 пайыздан 9,5 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр. Саудада 3,1 пайыздан 2,8 пайызға, логистикада 1,1 пайыздан 1 пайызға төмендету межеленген. Кәсіби және сараптамалық қызметте де бақыланбайтын операциялардың үлесін қысқарту көзделген.
Бұдан бөлек, Үкімет 2028 жылға қарай шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 38 пайыздан 39 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Жалпы, Қазақстан соңғы он жылда көлеңкелі экономиканы қысқарту бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Ендігі міндет – кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етіп, заңды жұмыс істейтін бизнеске қолайлы жағдай жасау. Бұл бюджет кірісін арттырып қана қоймай, еңбек қатынастары мен нарықтағы бәсекелестіктің де әділ болуына ықпал етеді.
Ortalyq.kz



