Жаңалықтар

Қазақстандықтар 59 күнде 1 миллионнан астам кітап оқыды

Елімізде өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны миллион кітап межесінен асты. Екі айға жуық уақыт ішінде қатысушылар 1 102 560 кітап оқып, сонша пікір қалдырған. Кітап оқу бастамасы ел көлемінде кең қолдау тауып, түрлі жастағы оқырмандарды ортақ мақсатқа біріктірді.
Сурет ЖИ арқылы жасалды

Қатысушылар оқыған кітаптары туралы ой-пікірлерін әлеуметтік желілерде де бөлісуде. Осы уақытқа дейін 64 177 бейнепікір жарияланған. Ал жобаға қатысушылар жинаған ұпай саны 260 миллионға жетті.

Марафонға мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, түрлі сала мамандары және тұтас отбасылар қатысып жатыр. Жоба аясында кітап оқу жеке әдет қана емес, қоғамдық сипаттағы ортақ бастамаға айналды.

Байқаудың 15 кезеңі 2027 жылғы 9 наурызға дейін жалғасады. Қатысушыларды алда тағы 117 күндік оқу кезеңі күтіп тұр. Одан кейін олар тестілеу мен зияткерлік квиздерге қатысады. Қорытындысында республикалық деңгейде жылдың үздік 10 оқырманы анықталады.

Сонымен қатар, марафонға Абай облысының тұрғындары да белсенді қатысуда. Өңір оқырмандары осы уақытқа дейін 37 504 кітап оқып, 9,46 миллион ұпай жинаған. Белсенділік танытып отырғандар қатарында оқушылар, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер бар. Семей қаласы, Үржар және Аягөз аудандары оқырмандар саны бойынша алдыңғы қатарда.

– Абай атамыз білім мен кітапты адамды тәрбиелейтін ең үлкен күш деп білді. Бүгін ұлы ақынның сөзі жаңғырып тұрғанын көріп отырмыз: кітапты оқушы да, ұстаз да, мемлекеттік қызметші де қолға алды. Кітапханаларға келушілердің артуы – марафонның жай ғана көрсеткіші емес, адамдар санасындағы өзгерістің белгісі. Кітап оқитын ұлт – болашағын өзі жазатын ұлт, – деді марафонның Абай облысы бойынша жобалық офисінің жетекшісі, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мерей Қарт.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button