Жаңа Конституция – туризм дамуының құқықтық негізі
Туризм – ел экономикасын өркендетіп, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны әлемге танытатын маңызды сала. Қазақстанның табиғи байлығы, тарихи орындары мен мәдени құндылықтары халықаралық туристік кеңістікте бәсекеге қабілетті бағыт қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда, бұл әлеуетті толық пайдалану үшін заманауи инфрақұрылыммен қатар, табиғатты қорғау, тарихи мұраны сақтау және кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне де басымдық берілуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттардың туризм саласын дамытудағы маңызы ерекше.

Ата Заңда табиғи ресурстарды сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды бағдарлары ретінде көрініс тапқан. Бұл талаптар туристік индустрияның тұрақты дамуына тікелей негіз болады. Өйткені, туризмнің басты байлығы – тек демалыс орындары мен қызмет көрсету нысандары емес. Елдің қайталанбас табиғаты, бай тарихы мен ұлттық болмысы. Мәселен, Қарағанды өңіріндегі Балқаш, Қарқаралы, Ақтоғай секілді туристік аймақтар еліміздің тарихи және табиғи әлеуетін танытады. Әсіресе, тарихи-танымдық, экологиялық және этнографиялық туризмді дамытуға мүмкіндік мол.
Жаңа Конституцияда табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені және оларды пайдалану қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай жүзеге асырылуы керектігі бекітілген. Бұл экологиялық туризмді дамытуда ерекше мәнге ие. Табиғи аумақтарды туристік айналымға енгізу барысында олардың бастапқы қалпын сақтау, экожүйеге түсетін салмақты ескеру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру қажет. Себебі, табиғатқа жанашырлық танытпай, туризмді ұзақ мерзімді дамыту мүмкін емес.
Туризмнің тағы бір артықшылығы – өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуі. Сала жанданған сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта кәсіпкерліктің мүмкіндігі кеңейеді. Ауылдық жерлерде қонақ үйлер, этноауылдар, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын ұсынатын кәсіп түрлерін дамыту жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға жол ашады. Сонымен бірге ұлттық дәстүр мен мәдениеттің сақталуына серпін береді.
Туризмді дамытуда ұлттық мәдениетті таныту да айрықша рөл атқарады. Шетелдік саяхатшы үшін Қазақстанның тартымдылығы оның табиғатымен ғана емес, тарихы, тілі, салт-дәстүрі және қонақжай халқымен де өлшенеді. Сондықтан, тарихи орындар туралы сапалы ақпарат әзірлеу, кәсіби гидтер даярлау, қазақ тіліндегі туристік контентті көбейту және ұлттық мұраны заманауи форматта насихаттау маңызды.
Түптеп келгенде, жаңа Конституция туризм саласының дамуына қажетті құқықтық әрі құндылықтық негіздерді айқындайды. Ата Заңда бекітілген табиғатты аялау, тарихи мұраны сақтау, кәсіпкерлікті қолдау және ұлттық мәдениетті дәріптеу қағидаттары туристік индустрияның болашағымен тығыз байланысты. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты іспен ұштастырып, Қазақстанның туристік әлеуетін ел игілігіне жарату. Өйткені, туризмді дамыту – тек экономикалық табысқа жету емес, елдің тарихы мен болмысын әлемге танытып, келешек ұрпаққа аманаттау.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan



