Ресми

Арзан әрі жылдам: Қазақстан мобильді интернеттің қолжетімділігі бойынша көшбасшы елдердің қатарына енді

Қазақстанда мобильді интернет бағасы жылдам байланыс ұсынатын елдермен салыстырғанда да қолжетімді деңгейде. Finprom.kz сарапшылары тариф құны, интернет жылдамдығы мен абоненттерге ұсынылатын трафик көлемін салыстыра отырып, осындай қорытындыға келген. Зерттеу авторларының мобильді байланыстың қолжетімділігін тек тариф бағасымен өлшеу дұрыс емес екендігін айтады. Бұл ретте абонентке ұсынылатын интернет көлемі мен желінің жылдамдығын да ескеру қажеттігін баса айтқан. Өйткені, арзан тарифтің өзі сапалы байланысқа кепіл бола алмайды, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет ЖИ

Бір гигабайттың құны әлемдік орташа көрсеткіштен төмен

Британдық Broadband Genie компаниясының мәліметінше, Қазақстандағы мобильді интернет тарифтерінде бір гигабайт трафиктің медианалық құны шамамен 30 центті құрайды. Бұл көрсеткіш абоненттердің нақты шығынын емес, тарифтік пакеттердегі интернеттің орташа бағасын білдіреді. Аталған рейтингте Қазақстан 53-орынға тұрақтап, мобильді интернеті ең қолжетімді елдердің алғашқы ширегіне енген. Ал, әлем бойынша бір гигабайт интернеттің орташа құны – 1,23 АҚШ доллар. Яғни, бұл Қазақстандағы көрсеткішпен салыстырғанда төрт есе жоғары.

Жылдам интернеті бар елдер арасында үздік ондықта

Интернеттің қолжетімділігін бағалауда оның жылдамдығы да маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты сарапшылар тариф құнын байланыс сапасымен салыстырған. Талдауға Speedtest Global Index рейтингісіндегі мобильді интернет жылдамдығы бойынша алғашқы 55 ел енгізілген. Нәтижесінде, Қазақстан осы елдер арасында интернет бағасының арзандығы жөнінен жетінші орынға ие болды. Айта кетейік, елімізде мобильді интернеттің айлық құны – 10,65 АҚШ долларын құрайды. Ал, жылдам интернеті бар елдердің аталған тобында абоненттер байланыс қызметіне орта есеппен Қазақстанмен салыстырғанда 2,5 есе көп қаражат жұмсайды.

Интернет жылдамдығы Канада мен Италиядан жоғары

Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына – 93 Мбит/с. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Канада, Италия және Испаниядан озып тұр. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия мемлекеттері арасында көш бастап келеді. Дегенмен, интернет жылдамдығы жоғары елдер тобының ішінде Қазақстан рейтингтің төменгі бөлігіне орналасқан. Мәселен, Вьетнам, Грузия және Үндістанда мобильді интернет жылдамдығы еліміздегіден жоғары. Оның үстіне, бұл мемлекеттерде байланыс қызметінің құны да арзанырақ. Бұған Канада мысал бола алады. Ондағы мобильді интернеттің жылдамдығы Қазақстаннан төмен болғанымен, канадалықтар ай сайынғы интернет пакетіне қазақстандықтармен салыстырғанда 5,5 есе көп қаражат төлейді.

Жылдам интернеттің құны да жоғары

Интернет жылдамдығы бойынша рейтинг көшбасшыларының басым бөлігі байланыс қызметі ең қымбат елдердің қатарында. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Кувейтте мобильді интернеттің айлық құны 58,8 доллардан басталып, 80 доллардан асады. Ал, Кувейтте интернет қызметінің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 7,5 есе қымбат. Керісінше, мобильді интернеті ең арзан мемлекеттердің көпшілігі жылдамдық бойынша Speedtest рейтингіне енбеген.

Қазақстандықтар интернет трафигін әлемдік орташа көрсеткіштен көп тұтынады

Халықаралық электр байланысы одағының деректеріне сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда бір мобильді байланыс жазылымына шаққандағы интернет трафигінің көлемі 283 гигабайтты құраған. Ал, әлемдік орташа көрсеткіш – 184 гигабайт. Демек, қазақстандық абоненттер интернетті әлемдік орташа деңгейден шамамен 1,5 есе көп пайдаланады. Айлық есеппен алғанда, бір жазылымға шаққандағы трафик көлемі 23,6 гигабайтқа тең. Бұл ретте Қазақстан интернет тұтыну белсенділігі бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналатын ТМД елдерінің орташа көрсеткішінен де асып түскен.

Желіге түсетін жүктеме артып келеді

Жекелеген байланыс операторларының абоненттері интернетті бұдан да көп тұтынады. Мәселен, Tele2 абоненттері биыл айына орта есеппен 40 гигабайт интернет пайдаланған. Ал, Kcell және Activ операторларында бірінші жартыжылдықтағы орташа көрсеткіш айына 30,4 гигабайтты құрады. Beeline желісінде екінші тоқсанда бір абонентке шаққандағы трафик көлемі 22,9 гигабайт болған. Интернетті тұтыну көлемі артқан сайын байланыс желілеріне түсетін салмақ та көбейеді. Бұл өз кезегінде базалық станциялар санын арттырып, желінің өткізу қабілетін кеңейтуді талап етеді.

Операторлар жүздеген миллиард теңге инвестиция салуда

Соңғы үш жарым жылда Kcell және Activ брендіне иелік ететін «Кселл» АҚ-ның күрделі шығындары 411,8 млрд теңгеге жеткен. Ал, Beeline және izi брендтерінің иесі «КаР-Тел» ЖШС осы кезеңде 288,6 млрд теңге инвестиция құйған. Ал, Tele2 және Altel операторы өз шығындарының көлемін жарияламайды. Дегенмен, компания онжылдықтың соңына дейін байланыс желілерін дамытуға 400 млрд теңгеден астам қаражат бағыттауды жоспарлап отыр.

Салаға салынатын инвестиция көлемі екі еседен астам өсті

Соңғы үш жылда ақпарат және байланыс саласына салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеге жуықтаған. Бұл алдыңғы үш жылдағы көрсеткіштен екі еседен астам көп. Инвестиция көлемінің артуына 5G желісіне қажетті жиіліктерді пайдалануға арналған лицензиялардың сатып алынуы да әсер еткен. Оған шамамен 156 млрд теңге жұмсалған. Алайда, бұл шығындарды есепке алмағанда да салаға құйылған инвестиция көлемі екі еседен астам артқан. Өсім биыл да жалғасып келеді. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ақпарат және байланыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 47 пайызға өскен.

Байланыс қызметінің бағасы инфляциядан баяу өсуде

2020 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың қыркүйегіне дейін тарифтік жоспарлардың абоненттік төлемі 58,4 пайызға қымбаттаған. Ал, осы кезеңдегі жалпы инфляция деңгейі 86,8 пайызды құрады. Азық-түлік, өнеркәсіп тауарлары мен ақылы қызметтердің бағасы да шамамен осындай қарқынмен өскен. Дегенмен, жекелеген жылдары ұялы байланыс қызметінің құны айтарлықтай қымбаттаған. Бұған дейін аталған сарапшылар 2024 жылы ұялы байланыс тарифтері 27 пайызға өскенін хабарлаған. Бұл жалпы инфляция деңгейінен үш еседен астам жоғары.

Бір гигабайт интернеттің құны арзандап келеді

2020-2025 жылдар аралығында бір абонентке шаққандағы интернет трафигінің көлемі 77 пайызға артқан. Ал, осы кезеңде абоненттік төлем әлдеқайда баяу өскен. Соның нәтижесінде тұтынушылар үшін бір гигабайт интернеттің нақты құны төмендеген. Сонымен қатар, халықтың табысы да тарифтерге қарағанда жылдамырақ өсіп келеді. Биыл екінші тоқсанда орташа табыс 410 мың теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар жалпы шығыстарының 3,4 пайызын байланыс қызметтеріне жұмсайды. Бұл үлес соңғы жылдары айтарлықтай өзгермеген.

Алдағы уақытта не өзгереді?

Сарапшылардың пікірінше, байланыс желілерін жаңғырту, 5G технологиясын дамыту және интернет тұтыну көлемінің артуы алдағы уақытта да қомақты инвестицияны қажет етеді. Сондықтан, тарифтерді біртіндеп әрі қалыпты деңгейде индекстеу байланыс қызметінің сапасы мен қолжетімділігін қатар сақтаудың маңызды шарты ретінде қарастырылады. Сонымен бірге зерттеу авторлары табысы төмен отбасылар үшін тарифтердің өсуі өзгелерге қарағанда анағұрлым сезімтал болуы мүмкін екенін де атап өтті.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button