Бас тақырып

Аяжан Мақан «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды

Ғылым, мәдениет, өнер, журналистика, спорт және өзге де салаларда елеулі жетістіктерге жетіп, ел дамуына үлес қосып жүрген дарынды жастарға жыл сайын «Дарын» мемлекеттік сыйлығы табысталады. Биыл беделді марапатқа ие болғандардың қатарында Қарағанды облысының екі өкілі бар. Атап айтқанда, әріптесіміз, Life09 ақпараттық агенттігінің бас редакторы Аяжан Мақан «Журналистика» аталымы бойынша лауреат атанса, боксшы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов «Спорт» номинациясында мерейі үстем болды.

Аяжан Ералықызының журналистика саласындағы еңбек өтілі он жылдан асады. Еңбек жолын Бірінші Қарағанды телеарнасында бастап, кейін республикалық интернет-басылымдарда, баспасөз қызметінде және мерзімді басылымдарда қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін шыңдады. Бүгінде еңбегі мен үздіксіз ізденісінің нәтижесінде Life09 ақпараттық агенттігінің бас редакторы қызметін атқарып келеді.

– Жеңіс – бұл да жауапкершілік. Әрі қарай дамып, бұдан да сапалы жұмыс істеуге міндеттейді. Мен ешқашан белгілі бір марапатқа ие болуды мақсат еткен емеспін. Өз ісіммен айналысып, кәсіби тұрғыда дамуға ұмтылдым. Мүмкіндік туғанда түрлі байқауларға қатыстым. Жас журналистерге қиындықтардан қорықпай, армандарыңнан бас тартпаңдар дегім келеді. Егер мамандықты шын жүрегіңмен таңдап, оған бар күш-жігеріңді арнап, үздіксіз еңбек етсең, талай биікті бағындыруға болады, – деді Аяжан Ералықызы.

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Абылайхан Жүсіпов – Абай бокс мектебінің түлегі. Ол 2024 жылы Азия чемпионы атанса, былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлем чемпионатында топ жарған. Халықаралық ареналарда толайым табысқа жетіп, ел мерейін асқақтатқан спортшы биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды.

– Айта кетерлігі, 2007 жылы Серік Сәпиев екінші рет әлем чемпионы атанды. Дәл сол жылы мен Абай қаласында бокс үйірмесіне барғанмын. Арада 18 жыл өткенде әлем чемпионы атанып, алтын медальмен оралдым. Мен үшін бұл – тарихи оқиға. Бала күнгі арманым орындалды. Жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында әлем чемпионы атандым, – деді Абылайхан Жүсіпов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button