Жаңалықтар

Президент: «Қазақ тілі креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің қолданыс аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанына тоқталды. Әсіресе, мемлекеттік тілдің барлық салада, соның ішінде креативті индустрия бағытында да кеңінен қолданыс таба бастағанын атап өтті.

Сурет akorda.kz

– Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек. – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы төл тіліміздің қоғамды біріктіріп қана қоймай, ұлттық бірегейлікті нығайтатын, өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, елдің халықаралық деңгейдегі ықпалын арттыратын маңызды «жұмсақ күшке» айналып келе жатқанын атап өтті.

– Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей. Ал, бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр.

Халқымыз «Елдестірмек – елшіден» деп бекер айтпаған. Бұл азаматтарды еліміздің нағыз отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері десек, артық болмас. Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды. Сондықтан біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?!

Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті, – деді Президент.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button