Бас тақырып

«Рухы биік, намысы зор»: Тоқаев Азия рекордын жаңартқан «Әділет» депутатының қайсарлығын атап өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан спортшы, «Әділет» партиясының депутаты Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. 

Сурет Ақордадан

Спортшыларды марапаттау жиынында президент спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында тұратынын айтты.

«Былтыр «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға бірқатар маңызды түзету енгізілді. Мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Соңғы бес жылда елімізде спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы, қазір осындай нақты шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады», – дейді президент.

Сөзін жалғай отырып, спортшылар жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, елдің беделін көтеріп жатқанын тілге тиек етті.

«Осы орайда, параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерекше атап өткен жөн. Айсұлу Сүлейменова қазақтың рухы биік, намысы зор батыр қыздарының жолын лайықты жалғастырып келеді. Ол тағдырдың қиын сынағына тап болса да, тек қана алға ұмтылып, көпке үлгі болып жүр. Қазір Құрылтай депутаты ретінде азаматтық борышын адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Қазақ «Күш – білекте емес, жүректе» дейді. Расында асқақ арман мен мұқалмас жігер тоғысқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың бойындағы жанкештілік пен табандылық әрдайым зор құрметке лайық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жетістіктеріне тоқталып өтті.

«Азия ойындарында бақ сынаған белгілі спортшымыз Темірлан Тілеулестің есімі де отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Ол таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Боксшыларымыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады. Қазақстанның мақтанышы атанған тағы бір спортшымыз – Софья Берульцева. Софья Токио Олимпиадасында каратэден қола жүлде алып, мемлекетіміздің абырой-беделін биіктетті. Ол осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында алтын медаль еншіледі. Енді, міне, Жапония төрінде нағыз спорт шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды», – дейді президент.

Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған Алексей Луценконың еңбегіне тоқталып өтті.

«Ол Жапонияда өткен Жазғы Азия ойындарында жекелей және топтық веложарыста қос алтын медальді жеңіп алды. Алексей Луценко жылдар бойғы табанды еңбегінің, темірдей тәртібінің және қайсар мінезінің арқасында тамаша табысқа жетті. Параазия ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Давид Дегтярев кәсібиліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өткен жарыстарда Азияның жаңа рекордын орнатып, жеңіс тұғырына көтерілді. Пауэрлифтер Давид Дегтярев еліміздің және әлемнің ең атақты атлеттерінің бірі – екі Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы. Спортшыларымыз өз жетістіктері арқылы Қазақстанның Туын халықаралық аренада биікте желбіретіп жүр», – деді президент.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button