ЖаңалықтарРуханият

Аманат иелерінің дүбірі

Қазақ классикалық әнін орындаушылардың тегеуірінді толқыны Қарағандыда бас қосты. Мұнда Манарбек Ержанов атындағы І республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Байқауды Қарағанды облысының әкімдігі, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұйымдастырды. Мақсаты – қазақтың дәстүрлі ән өнерін ұлықтау, ұлттық музыкалық мұраны сақтау және насихаттау. Еліміздің түпкір-түпкірінен 23 үміткер қатысты.

Қазылар алқасының құрамында дүлдүл әнші, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов, қазақ ән өнерінің бірегей тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин, қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов, Дүйсенбек Өмірәлі және Дәуренбек Аркенов болды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы байқаудың маңызы мен міндетіне тоқталды.

 – Бұл байқауға еліміздің әр өңірінен ең талантты деген өнерпаздар іріктеліп келген екен. Осындай деңгейдегі қатысушылар байқаудың деңгейінен хабар беретіні анық. Қазылар алқасының құрамы да бүгінгі қазақ ән өнерінің жарық жұлдыздарымен жасақталды. Бұл байқауға екінің бірі, егіздің сыңары қатыса алмайды. Қазылар әр әнге ата-бабамыздың мұрасы деп, киелі өнер деп қарады. Ал, әр өнерпаз сол мұраны сақтаушы. Сол себепті де мұраны сақтаушы жас өнерпаздарға мұндай деңгейдегі байқаулар арқылы қолдау көрсетілуі керек деп есептейміз, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.

Қайрат Байбосынов байқауды ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

 – Қазақ ән өнерінің асыл мұрасын келесі ұрпаққа жеткізу миссиясын арқалап жүрген жастарға қолдау көрсету – аға буынның, яғни біздің міндетіміз. Сол себепті де, ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіремін! – деді Қайрат Байбосынов.

Байқау қорытындысы бойынша, ІІІ орын Нұрғиса Рахатұлына, Нұртуған Абылайұлына және Ерасыл Маханға берілді. ІІ орын Мадияр Өмірғалы мен Ермек Нұрпейісовке бұйырды. І орынға Барақбай Бексұлтан лайық деп танылды. Байқаудың бас жүлдесі Ақжігіт Дәулетбекте.

Сонымен қатар байқаудың арнайы сыйлықтары мен дипломанттары да анықталды. Қосымжан Бабақов атындағы арнайы сыйлық – Қабдел Қастерге, Мағауия Көшкінбаев атындағы арнайы сыйлық Алтынбек Тұрғамбаевқа, Жабай Тоғандықов атындағы арнайы сыйлық Алмас Көшкінбаевқа, Қуан Лекеров атындағы арнайы сыйлық Құнанбай Жалынға, Әнші Жаңыл Қартбаева атындағы арнайы сыйлық Мархаббат Арматқызына берілді.

Салтанат Кеңес пен Акниет Серғазина және Бекарыс Шаймаханбет дипломанттар атанды.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button