ЖаңалықтарРесми

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Қарағанды облысында экологиялық акцияға қатысты

7 қарашада Қарағанды облысында «Бірлік – Таза Қазақстан үшін»  дәстүрлі экологиялық акциясы басталды. Тұрғындар, волонтерлер мен қоғам белсенділері Молодежный елді мекені мен оған іргелес аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Игі іс-шараға Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Иван Георгиади бастаған «Бірлік» қоғамдық тобының мүшелері, сондай-ақ республикалық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Шамамен 2000 адам қолдау білдірген жоба аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңіндегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Президент «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік акция емес, әрбір азаматтың өмір салтына айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл ретте әңгіме тек көшелердің тазалығы туралы ғана емес, айналамыздағы тәртіп пен тазалықтың бастауы саналатын ой тазалығы мен ішкі мәдениет туралы да болып отыр.

Сол күні елді мекеннің әртүрлі аумақтарына барлығы 500 түп ірі көлемді көшет отырғызылды. Сонымен қатар жаңа аллеялардың күтіміне ерекше назар аударылып, ағаштардың жергілікті климатқа бейімделіп, жақсы тамыр жаюы үшін алдағы уақытта да күтіп-баптау жұмыстары жүргізілетініне мән берілді.

Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» тобы этномәдени бірлестіктердің өкілдерін біріктіреді. Топ этносаралық келісімді нығайтумен қатар, жалпыұлттық маңызы бар міндеттерді жүзеге асыруға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және өңірлерді дамытуға бағытталған жұмыстарға белсенді атсалысады. Молодежный кентінде өткен акция – түрлі этнос өкілдерінің ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуінің жарқын көрінісі. Сонымен қатар бұл бастама Мемлекет басшысы ұстанымындағы «Бірлік – әралуандықта» қағидатын нақты іспен көрсетіп, оның мазмұнын жаңа серпінмен толықтырды.

«Бірлік» қоғамдық тобының төрағасы Иван Георгиадидің айтуынша, бұл – жалпыұлттық маңызы бар ауқымды акция. Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы өз үлгісімен әрбір азаматты ортақ іске атсалысуға шақырады. Себебі елімізді көркейтіп, жасыл желекке бөлеп, таза әрі әсем ету – баршамызға ортақ міндет. Бұл – өзіміз өмір сүріп жатқан, балаларымыз бен келешек ұрпаққа мұра болып қалатын ортақ Отанымыз. Сондай-ақ ол мұндай игі бастамалар жыл сайын жалғасын тауып, ел игілігіне бағытталған жақсы дәстүрге айналуы тиіс екеніне назар аударды.

Өз кезегінде, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ақбаржон Исмаилов бүгінгі таңда бұл маңызды бастама еліміздің барлық өңірін қамтып отырғанын айтты. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де Халық Кеңесі жанынан құрылған «Бірлік» тобының қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды акцияға белсенді түрде қатысуда. Оның айтуынша, мұндай бастамалар әрбір азаматтың өз еліне деген сүйіспеншілігі мен құрметін, сондай-ақ туған жердің тазалығы мен игілігіне деген жауапкершілігін айқын көрсетеді.

«Таза Қазақстан» бастамасы осы бірлікті нақты істер арқылы көрсетеді. Қазақстан Халық Кеңесі үшін мұндай акциялар – қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл ретте этномәдени бірлестіктер еліміз үшін ортақ маңызды істерге өз үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар тұрғындардың бірлескен жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуына қатысты қоғамдық бақылауды күшейтуге де ықпал ететіні атап өтілді.

Акцияны ұйымдастыруға «Бірлік» қоғамдық тобының төрағасы Иван Георгиади басқаратын «Евразия Инвест LTD» ЖШС қолдау көрсетті. Компания өкілдері алдағы уақытта да осындай экологиялық бастамаларды көшетпен қамтамасыз етуге дайын екендіктерін жеткізді. Жұмыс сапары барысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетімен де танысты. Атап айтқанда, сүт-тауар фермасы мен кәсіпорынның көшет шаруашылығында болып, ондағы жұмыстардың барысымен танысты.

Акция қорытындысы бойынша «Бірлік» тобының мүшелері оны жылына екі рет өткізіп, игі дәстүрге айналдыруды, сондай-ақ осы тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне де таратып, мұндай бастамаларға жергілікті этномәдени бірлестіктерді белсенді тартуды ұсынды. Қатысушылар барша қазақстандықтарды қоршаған ортаның тазалығы мен тәртібін тұрақты сақтауға шақырып, табиғатқа жанашырлықпен қарау күнделікті өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналуы керектігін атап өтті.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button