«Qyrmyzy» республикалық фестивальдің жүлдегері атанды
Ақтөбе қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында алғаш рет «Адал азамат» атты республикалық театр өнері фестивалі өтті. Аталған өнер додасында Қарағанды облысының намысын Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылының Үштөбе тірек мектебінің «Qyrmyzy» командасы қорғап, жүлделі ІІ орынмен оралды.

Айта кетейік, мектеп театр үйірмелерінің шығармашылығын қолдауға бағытталған фестиваль биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдердің театр өнеріне деген қызығушылығын арттырып, рухани-адамгершілік және эстетикалық тәрбиесіне ықпал ету мақсатында қолға алынған. Байқауға еліміздің әр өңірінен келген өнерпаз ұжымдар қатысып, «Драмалық театр» және «Музыкалық театр» аталымдары бойынша өзара бақ сынады.

Байқауға «Qyrmyzy» командасы көрермен назарына «Кринж (Мен ұяламын)» атты спектакль ұсыныпты. Қойылымның сценарийін ұжым жетекшісі, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құдайберген Өркеннің өзі жазған. Өз сөзінде ол спектакльде бүгінгі жасөспірімдер арасында жиі кездесетін өзекті мәселелер көрініс тауып, көрерменге ой салатын тақырыптар қозғалғандығын баса айтты.

– «Qyrmyzy» командасымен жұмыс істеп келе жатқаныма биыл үшінші жыл. Оқушыларымыз 7-сыныпта оқып жүргенде жайдарман тобы ретінде құрылған. Уақыт өте келе ұжымның бағыты өзгеріп, актерлік шеберлікті шыңдайтын театр үйірмесіне айналды. Бұл фестивальге 9-10-сыныпта оқитын 10 оқушым қатысты. Қазіргі таңда жасанды интеллект кеңінен таралған. Сондықтан, біз заман талабына ілесеміз деп жүріп ұлттық болмысымыздан алыстап бара жатқанымызды арқау етіп, қойылым ұсындық. Сонымен қатар, спектакльде бүгінгі жастардың сөйлеу мәнеріндегі сленг сөздер, тілдік қолданыстар және буллинг мәселесі де қамтылды. Осындай тақырыптарды балаларға түсінікті тілмен жеткізетін әдеби шығармалардың аздығы да сценарийді өзім жазуыма түрткі болды, – деді команда жетекшісі.
Үш күнге созылған фестиваль қорытындысы бойынша Ақтөбе командасының «Шамшырақ» командасы үздік атанды. Ал, қарағандылық «Qyrmyzy» командасы ІІ орын иеленсе, үздік үштікке елордалық «Жаныма сая» командасы табан тіреді.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



