Жолдау – 2026

Тұтынушы мүддесі мемлекет бақылауында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент Үкімет пен Ұлттық банкке бағаның өсу қарқынын төмендету бағытында үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, цифрлық экономиканың дамуына байланысты азаматтық заңнаманы жаңарту қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттер тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына да тікелей қатысты. Өйткені, нарықтағы баға тұрақтылығы, тауар мен қызмет сапасы, онлайн саудадағы қауіпсіздік – әр азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелер.

Сурет ЖИ

Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұсынған дерекке сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мекемеге 2674 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға көп. Мамандар мұны тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен өз мүддесін қорғауға деген белсенділігінің артуымен байланыстырады.

Есепті кезеңде түскен өтініштердің 2276-сы бойынша, яғни, жалпы өтініштердің 82,6 пайызына азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берген шаралар қабылданған. Жыл басынан бері тұтынушыларға шамамен 108 миллион теңге қайтарылды. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 81,7 миллион теңге болған. Осылайша, қайтарылған қаражат көлемі 32,1 пайызға артқан.

Бұл көрсеткіштер тұтынушылардың шағымдарын қарау жұмысының нақты нәтижесін көрсетеді. Азаматтар сапасыз тауар сатып алған немесе тиісті қызмет ала алмаған жағдайда өз құқығын қорғау үшін департаментке жүгіне алады. Мұндай өтініштерді қарау барысында заңнамада көзделген шаралар қабылданып, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге ықпал етіледі.

Сонымен бірге, тұтыну нарығындағы заң талаптарының сақталуы да бақылауда. Ағымдағы жылдың басынан бері бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша кәсіпкерліктің 17 субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 480 мың теңгені құрады. Бұдан бөлек, бір ескерту беріліп, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 13 нұсқама шығарылған.

Өтініштер санының өсуіне сапасыз тауарлар мен қызметтерге қатысты мәселелер де әсер етіп отыр. Әсіресе, қазіргі кезде сауданың едәуір бөлігі интернет кеңістігіне ауысқанын ескерсек, тұтынушыларды қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыру маңызды. Маркетплейстер мен интернет-дүкендер арқылы тауар сатып алғанда оның сипаттамаға сәйкес келмеуі, ақшаны қайтаруда қиындықтардың туындауы сияқты жағдайлар кездеседі. Сондықтан, сатушылардың жауапкершілігін арттырумен қатар, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтық сауаттылығын көтеру қажет.

Осы ретте тұтынушылардың қарапайым құқықтық білімін жетілдірудің де маңызы зор. Мәселен, тауар сатып алғанда оның сапасын, жарамдылық мерзімін, бағасын және сатушы туралы ақпаратты тексеру қажет. Сатып алуды растайтын түбіртек пен өзге де құжаттарды сақтау даулы жағдай туындағанда тұтынушының талабын дәлелдеуге көмектеседі. Ал, интернет арқылы сауда жасағанда сатушының сенімділігіне, тауардың сипаттамасына және қайтару шарттарына назар аударған жөн.

Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бұл бағытта халықпен және кәсіпкерлермен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері бірқатар түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, ашық есік күндері өткізілген. Сондай-ақ, сауда үйлерінде және азаматтар көп жиналатын орындарда консультациялық кездесулер өткен. Онда тұрғындарға тұтынушылық құқықтарын қорғау жолдары түсіндірілсе, кәсіпкерлерге заңнама талаптары мен заңбұзушылықтардың алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берілген.

Департаменттің бас маманы Венера Досаеваның айтуынша, тұтынушылардың өтінішімен жұмыс істеуде басты назар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және заңбұзушылықтардың алдын алуға аударылады.

– Тұтынушылардың өз құқықтарын қорғау мәселесіне белсенді араласуы – құқықтық сауаттылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Биылғы тоғыз айда түскен өтініштердің 82,6 пайызы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Тұтынушыларға қайтарылған қаражат көлемінің 108 миллион теңгеге жетуі де атқарылған жұмыстың нәтижесін аңғартады. Біздің міндетіміз тек келіп түскен шағымдарды қараумен шектелмейді. Азаматтарға заң талаптарын түсіндіріп, кәсіпкерлер арасында заңбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын да жүргіземіз, – дейді Венера Досаева.

Оның айтуынша, тұтынушылар құқығын қорғауда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының орны ерекше. Себебі, азамат өз құқығын білсе, заңсыз әрекетке тап болған жағдайда тиісті талап қоя алады. Ал, кәсіпкер заңнама талаптарын алдын ала меңгеріп, оларды сақтауға дағдыланса, тұтынушылармен арадағы түсініспеушіліктердің де азаюына мүмкіндік бар.

– Өтініштердің көбеюі азаматтардың өз мәселесін шешу үшін заңды жолдарға жүгінетінін байқатады. Сол себепті, біз тұрғындармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мән береміз. Ашық есік күндері мен сауда орындарындағы консультациялар да осы мақсатқа бағытталған. Мұндай шараларда тұтынушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алса, кәсіпкерлер заң талаптарын сақтаудың маңызын түсінеді. Алдағы уақытта профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды және ақпараттық шараларды кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Венера Досаева.

Президент Жолдауында белгіленген баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және цифрлық экономиканың құқықтық негіздерін жетілдіру міндеттері тұтынушылардың мүддесін қорғаумен сабақтас. Себебі, әділ нарық қалыптастыру үшін сапалы тауар, қолжетімді қызмет және азаматтардың заңды құқықтарының сақталуы маңызды. Ал, бұл бағыттағы жұмыс тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де жауапкершілігіне байланысты.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button