Аймақ басшысы Нұра ауданы тұрғындарымен кездесті
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданы тұрғындарымен кездесіп, инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, ауызсудың сапасы, жылумен қамту және елді мекендерді абаттандыру мәселелері бойынша ашық пікір алмасты.

Тікелей диалогқа облыстық басқармалар мен аудандық бөлімдердің басшылары да қатысып, ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Өңір басшысы Бақытжан Мұқанов ауданда инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, бұған дейінгі кездесулерде тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Есепті кезеңде ауданда 10 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы орайда облыс әкімі құрылыс сапасына, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйлердің сұранысқа сай болуына айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.

— Мұқтаж жандарға үй салып беру ғана жеткіліксіз. Құрылыстың сапасы жұмыстың алғашқы кезеңінен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейін қатаң бақылауда болуы керек. Тұрғын үйдің сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңірде тұрғындарды ауызсумен жабдықтау мәселесін шешу жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы ауданға қарасты 37 ауылдың барлығы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да тоқтаған жоқ. Талдысай аулында су құбыры желілері жөнделіп, тозған құбырлар ауыстырылды. Балықтыкөл аулында пайдалану ұңғымасы жаңадан бұрғыланды. Малайқұдық аулында суды тазартуға арналған кешенді блок-модуль орнатылып жатыр. Оған дейін құбыр тартылған, қазір мамандар жабдықтарды құрастырып, монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Атқарылған осы жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы аудан әкімі Бақытжан Мұқанов баяндады. Ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғасып келеді. Ахмет аулында кірпіш зауыттарының құрылысы жүргізілуде. Жобалар аясында 110 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды даму үстінде. Қазіргі уақытта ауданда жеті инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның үшеуі — мал шаруашылығына, төртеуі өсімдік шаруашылығына қатысты.

Кездесуде елді мекендері жылумен қамту мәселесі де көтерілді. Өткен жылы Нұра кентінде екі модульдік қазандық салынып, оларға 10 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Алайда, кітапхана, Мәдениет үйі және екі мектеп жылуды әлі де жеке қазандықтардан алады. Осыған байланысты аудан орталығындағы тұрғындардың бірі әлеуметтік нысандарды ортақ қазандыққа қосуды ұсынды:
— Барлық әлеуметтік нысанға ортақ қазандық салуға бола ма? Бұл мәселе шешілсе, кенттегі экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізер еді, — деді ол.
Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұл ұсынысты, Молодёжный кентінің тәжірибесін ескере отырып, жан-жақты зерделеуді тапсырды. Аудан әкімі келесі жылы орталық қазандық салу үшін инвесторлар тарту жоспарланып отырғанын хабарлады. Оған Мәдениет үйі, кітапхана, екі мектеп және Өнер үйін қоса алғанда, бірнеше мемлекеттік нысанды қосу көзделген.

Аймақ жетекшісі көтерілген барлық мәселе бойынша тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

Кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
Ortalyq.kz



