Жаңалықтар

Қазақстан мен Иордания стратегиялық серіктестікті нығайтады

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты түрде қарсы алды. Бұдан кейін екі ел басшысы келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында Президент Иорданияны араб әлеміндегі сенімді серіктес деп атап, кейінгі жылдары екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара байланыстардың қарқын алғанын жеткізді. Оның айтуынша, экономикалық ықпалдастық қазақ-иордан қарым-қатынасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Сонымен қатар сауда, инвестиция, туризм, технология, қорғаныс, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол.


Өз кезегінде Король II Абдалла Қазақстанмен қалыптасқан достық қарым-қатынасты жоғары бағалап, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға және екіжақты байланысты одан әрі дамытуға ниетті екенін айтты. Сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытты.

Келіссөзде «Ақаба процесі» бастамасына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл бастаманы қолдайтынын атап өтіп, Астанада өтетін кезекті саммиттің халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Ресми кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалланы екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Al-Farabi орденімен марапаттады. Бұл – аталған жоғары награданың алғашқы рет табысталуы.

Өз кезегінде Иордания Королі Қазақстан Президентіне Хашимиттер әулетінің негізін қалаушылардың бірі Хусейн бен Әлидің есімімен аталатын Иорданияның жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденін тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапатты екі халық арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшыларының өзара мемлекеттік наградалармен марапатталуы Қазақстан мен Иордания арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығайып, екіжақты байланыстардың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button