Жолдау – 2026

Заңға құрмет – қоғамның жаңа мәдениеті

Қоғамның өркениеттілігі оның экономикалық дамуымен немесе технологиялық жетістіктерімен ғана өлшенбейді. Елдің шынайы дамуы азаматтардың құқықтық сауаттылығы, заңға деген құрметі және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауынан да көрінеді. Олай дейтініміз заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқығы қорғалады. Ал, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі беки түседі. Сондықтан, заңға бағынуды мемлекеттік талапты орындау деп қана түсінбеу қажет. Керісінше, әр адамның күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.

– Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек, – деді Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде.

Отбасында қалыптасқан тәрбие мектеп қабырғасында жалғасын тауып, азаматтық жауапкершілікпен толығады. Өйткені, білім беру ұйымдарының міндеті оқушыға сапалы білім берумен ғана шектелмейді. Оның бойында құқықтық сана, қоғамдық тәртіпке құрмет және өз әрекетіне жауап бере білу қасиеттерін қалыптастыру да маңызды. Осы бағытта өңір мектептерінде құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер, құқықтық сауаттылық сабақтары мен тәрбиелік іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Әсіресе, буллинг, кибербуллинг, бопсалау және интернеттегі алаяқтық секілді заманауи қауіптердің құқықтық салдарын түсіндіруге басымдық берілген.

Дегенмен, заңға құрметті тек отбасы мен мектептің тәрбиесіне телу біржақты түсінік. Негізі бұл – тұтас қоғамға ортақ міндет. Сондықтан, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қоғамдық ұйымдар да белсенді атсалысып келеді. Үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері, еріктілер қозғалысы мен азаматтық қоғам институттары түрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік мәселелердің алдын алуға үлес қосуда. Зорлық-зомбылыққа, лудомания мен нашақорлыққа қарсы ақпараттық жобалар, жастармен кездесулер мен қоғамдық бастамалар құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етіп отыр.

Заңға құрмет туралы сөз болғанда, көбіне ірі қоғамдық мәселелер мен құқық бұзушылықтар еске түседі. Алайда, құқықтық мәдениет, ең алдымен, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден байқалатынын ескермейді екенбіз. Жол ережесін сақтау, қоғамдық орында тәртіп бұзбау, өзгенің ар-намысы мен мүлкіне құрметпен қарау, ортақ жауапкершілікті сезіну – мұның бәрі заңды сыйлаудың нақты көрінісі.

Түптеп келгенде, заңға құрмет – отбасындағы тәрбиеден бастау алып, мектепте қалыптасатын, қоғамдық ортада бекитін ортақ құндылық. Бұл бағыттағы жұмыстардың өзара сабақтастығы мен мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және азаматтық қоғам институттарының бірлескен әрекеті құқықтық мәдениеті жоғары, тәртібі берік қоғамның қалыптасуына негіз болады. Өйткені, заңды құрметтеу мәжбүрлі міндет емес, әр азаматтың саналы таңдауы мен өмірлік ұстанымына айналғанда ғана «Заң мен тәртіп» қағидаты шынайы қоғамдық құндылыққа айналады.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button