Конституция және кеншілер қауіпсіздігі
Қарағанды облысы – Қазақстанның көмір өнеркәсібіндегі жетекші өңірлердің бірі. Мұнда 11 көмір шахтасы мен 12 разрез жұмыс істейді. Саладағы 15 кәсіпорында 22 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мұндай ауқым өндірістің тұрақты жұмыс істеуімен қатар, кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де маңызын көрсетеді. Жаңа Конституция аясында азаматтардың еңбек ету құқығы мен қауіпсіз еңбек жағдайы мәселесі өзекті. Әсіресе, көмір өнеркәсібі дамыған Қарағанды облысында бұл талаптардың іс жүзінде орындалуы маңызды.

Қауіпсіз еңбек – басты талап
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында әркімнің еңбек ету бостандығына және қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайына құқығы бекітілген. Бұл қағида шахтада жұмыс істейтін азаматтарға да қатысты. Оны қамтамасыз ету үшін жұмыс беруші өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтап, қызметкерлерге тиісті еңбек жағдайын жасауға міндетті.

Көмір шахталарында метан газының жиналуы, желдету жүйесінің жұмысы, тау жыныстарының қозғалысы мен техникалық жабдықтардың жағдайы тұрақты бақылауды қажет етеді. Сондықтан шахталарда газ деңгейін өлшейтін құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуі, жабдықтарды уақытылы тексеру және қауіпсіздік нұсқаулықтарының орындалуы маңызды.

Еңбек қауіпсіздігі тек техникалық шаралармен шектелмейді. Кеншілерді тұрақты оқыту, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және жұмысшылардың қауіпсіздік талаптарын сақтауына жағдай жасау да қажет. Қауіпті өндіріс орындарында кез келген ақауды дер кезінде анықтау адам өмірін қорғауға мүмкіндік береді.

Өндірістік қауіпсіздікке басымдық
Көмір өндіру саласындағы қауіпсіздік мәселесі бұған дейін де өткір көтерілген. 2023 жылғы 28 қазанда Костенко шахтасында болған апат салдарынан 46 кенші қаза тауып, 28 адам жарақат алды.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шахталарда газ деңгейін бақылайтын құрылғыларды жетілдіру, желдету жүйелерін тұрақты тексеру және өндірістік жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын білуі мен жұмыс берушінің жауапкершілігі де маңызды.
Өндіріс пен адам құқығы
Қарағанды облысындағы ірі көмір өндіруші кәсіпорындардың бірі – Qarmet. Кәсіпорынның көмір департаментінде шамамен 12 мың адам жұмыс істейді. Олардың 2 мыңға жуығы – әйелдер. Қызметкерлердің орташа жасы 36 шамасында.
Бұл деректер көмір өнеркәсібінің өңірдегі әлеуметтік-экономикалық маңызын көрсетеді. Сондықтан өндірістік процестерді жаңғырту кезінде еңбек қауіпсіздігіне де басымдық берілуі керек. Шахталарда қызметкерлердің орналасқан жерін анықтайтын жүйелерді енгізу, жабдықтарды жаңарту және қауіпсіздікке қатысты технологияларды жетілдіру осы бағыттағы маңызды шаралар саналады.
Қарағанды облысында мыңдаған адамның жұмысы көмір өндірісімен байланысты. Сондықтан саланың дамуы өндіріс көлемімен ғана емес, еңбек жағдайының сапасымен де бағалануы қажет. Кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи технологияларды енгізу және жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту – конституциялық нормаларды күнделікті еңбек тәжірибесінде жүзеге асырудың маңызды бағыттары.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz


