Жаңалықтар

Әдебиетке адалдық

Сөз – адамзаттың дүниені танып қана қоймай, оған өз ізін қалдыруының ең көне әрі ең нәзік құралы болса, сөз өнері – уақыттың, адам рухының, ұлт болмысының көркем шежіресі. Әдебиет – ұлттың рухани айнасы, оның тарихи жады мен ойлау мәдениетін, дүниетанымын айқындайтын өнер түрі. Бір дәуірдің тағдыры кейде бір романға, бір халықтың рухы бір өлеңге сыйып кететіні де сондықтан. Қоғам өзгерген сайын адамның әлемді қабылдауы да өзгереді. Ал, әдебиет сол өзгерістерді аса нәзіктікпен бойына сіңіріп, адамның ішкі терең құбылыстары мен қайшылықтарын эстетикалық құралдармен кестелеп, көркем бейнеге айналдыратын құдіретке ие. Осыған сәйкес, жаңа жанрлар, жаңа кейіпкерлер, соны көркемдік ізденістер пайда болады. Әдебиеттанушы болса, сол әлемнің табиғатына үңіліп, оның көркемдік болмысын пайымдайды. Әдебиеттану ғылымы – көркем ойлау белестерін саралап қана қоймай, адам баласының бүгінгі рухани өзгерістерін таразылап отырады.

Сурет автордан

Әдебиеттанушылардың бірнеше буынын өсірген академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасы биыл өзінің алтын дәуірінен де асып, алпыс жасар алып белеске көтеріліп отыр.

Кафедра 1966 жылы Қарағанды мұғалімдер институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» деп аталатын ортақ кафедрадан бөлініп, өз алдына жеке шаңырақ көтерді. Жаңа ұжымды сол кездегі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Задан Жұмағалиев басқарды. Алғашқы құрамында доценттер А.Нәрешов, Ә.Әзиев, аға оқытушылар Қ.Лекеров, М.Смағұлов секілді білікті мамандар еңбек етті. 2004 жылы кафедра «Қазақ фольклоры және әдебиет тарихы» мен «Әдебиет және теория» болып екіге бөлінсе, 2007 жылы қайта «Қазақ әдебиеті» атауымен бірікті.

Кафедра өзінің алпыс жылдық тарихында тек Орталық Қазақстан аймағының ғана емес, еліміздегі әдебиеттану ғылымының кең өрістеуіне сүбелі үлес қоса алған білім мен ғылымның қарашаңырағына айналды.

Кафедраның берік іргетасын қалауға филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Нәрешов ерекше үлес қосты. Хандық дәуір әдебиеті мен халық ауыз әдебиетінің білгірі саналған ғалым 1980 жылға дейін жанқиярлықпен қызмет етті. Екінші жаһандық соғыстың ардагері Қаби Лекеров ұстаздық қызметпен қатар ғылыми ізденіске де ден қойып, жүзден астам мақала мен «Қазақ балладалары» (1997) атты құнды еңбекті дүниеге әкелді. Әлем әдебиетінің айдынында еркін жүзген Мұрат Смағұлов ұзақ жылдар қоғамдық және ғылыми-педагогикалық қызмет атқара жүріп, мыңдаған шәкірттердің ықыласына бөленді.

Кафедраны 1986-1991 жылдары М.Әуезовтің шәкірті, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Күлмағанбет Есбаев басқарды. Абайдың сыншылдық-эстетикалық көзқарасын зерттеген ғалым жүзге тарта мақала жарыққа шығарды. Осы жылдары ұжым А.Ақашев, Т.Есенбеков, Б.Мамыраев секілді жас ғалымдармен толықты. 1974-1996 жылдары кафедрада филология ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Кәрібаева еңбек етіп, «Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы» атты іргелі зерттеулерімен ұлттық әдебиеттанудың жаңа бағыттарын негіздеді. Кафедра тарихында аға оқытушы Сара Жұмабекова мен аға лаборант Бишөкен Көрпебаева да ерекше құрметпен аталуға лайық тұлғалар. Кафедраның әр ісіне жанашырлықпен қарап, жауапкершілікпен атқарған еңбектері ұжымның береке-бірлігін бекемдеп, рухани ахуалын қалыптастырды.

Кафедраның ғылыми әлеуетін айқындайтын басты ерекшеліктің бірі – уақыт сынынан өтіп, өзіндік дәстүрі қалыптасқан ғылыми мектептер. Кафедраны 20 жыл бойы басқарған, филология ғылымдарының докторы, профессор Задан Жұмағалиевтің «Өршіл гуманизм өнегесі», «Дауылды жылдар шежіресі», «Уақыт және әдебиет» секілді монографиялары ұлттық әдебиеттің ең бір күрделі кезеңдерін зерттеуге қомақты үлес қосты. 1990 жылдары профессорлар Ж.Смағұлов, Б.Рахимовтар басшылық еткен кезеңде ұжым С.Жұмағұлов, А.Әлтай, А.Бабашов, С.Такиров, Ж.Жарылғапов, К.Төлеубаева секілді жас мамандармен толығып, жаңа ғылыми бағыттар батыл игеріле бастады. 1998 жылы кафедраға жетекшілік жасаған профессор М.Хамзиннің есімі қазақ романының поэтикасын зерттеудегі жаңашыл ізденістермен құнды.

Қазіргі уақытта кафедрада 3 филология ғылымдарының докторы (Ж.Смағұлов, Б.Рахимов, Ж.Жарылғапов), 5 филология ғылымдарының кандидаты (С.Такиров, Ж.Рүстемова, А.Бабашов, К.Төлеубаева, А.Жұмағұлов), 3 философия докторы PhD (Б.Сыздықова, Е.Сармурзин, А.Жакулаев) және педагогика ғылымдарының 6 магистрі (Ж.Жұмагелдин, А.Абдикадирова, Қ.Бажикеев, А.Қайырбекова, А.Мұратова, Е.Сакенов) еңбек етіп, 20-ға жуық монография мен оқу-әдістемелік құрал жарыққа шығарды. Ұлттық әдебиеттанудың корифейлері Тұрсынбек Кәкішев пен академик Рымғали Нұрғали негіздеген ғылыми мектептердің дәстүрі Қарағанды университетінде кең өрістеуі де жергілікті ғалымдардың тегеурінді еңбегі мен үлкен әлеуетінің мысалдары.

Кафедра оқытушыларының еңбегі мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды: осы уақытқа дейін кафедраның 5 оқытушысы – Ж.Смағұлов, Б.Рахимов, Ж.Жарылғапов, С.Такиров, А.Жұмағұлов республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері атанды. Соның ішінде, Ж.Жарылғапов 2025 жылы бұл мәртебелі атақты екі мәрте жеңіп алды.

Кафедра өкілдерінің қаламы ұлт руханиятының алдыңғы қатарлы қаламгерлерінің өзіне танылғаны да – мақтаныш тұтарлық жайт. Атап айтқанда, Алаш әдебиетінің алыбы Мұхтар Мағауин өзінің 75 жасқа толу мерейтойына арналып «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған топтама мақалалардың ішінен кафедра профессоры Жансая Жарылғаповтың мақаласын ерекше бөліп, оның пікірін бәрінен оқшау, ал талдау машығын мықты әдебиеттанушыға тән деп жоғары бағалаған еді. Ал, осы кафедраның ғылыми бет-бағдары туралы классиктің «Ағымдағы әдеби сын тұрғысымен жазылған, шын мәнісінде, әрқилы деңгейдегі, көбіне-көп көлемдері шектеулі мақалалар қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы туралы біршама дәйекті сыпат танытады. Осы орайда, Қарағанды университеті бірінші орында дер едім.

Қазіргі таңда кафедра үш негізгі ғылыми бағытта жұмыс жүргізуде. Қазіргі қазақ әдебиетінің жанр және стиль мәселелері; ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихы мен әдіснамасы; көркем шығарма мәтіні мен филологиялық талдау. Осы бағыттар төңірегінде тәжірибелі майталман профессорлар мен жалынды жас ғалымдар тоғысып, ұлттық әдебиеттану ғылымына тың серпін үстеп, оның көкжиегін кеңейте түсуде.

Кафедра Қазақстанның және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдарымен тығыз ғылыми-әдістемелік байланыста жұмыс істейді. Кафедраның халықаралық ынтымақтастық көкжиегі де кеңейіп келеді: Қытай, Ресей, Түркия, сондай-ақ, Орта Азия мен Еуропаның жетекші ғылыми орталықтарымен берік әріптестік орнатып, ауқымды бірлескен зерттеулерді табысты жүзеге асыруда.

Алты онжылды абыроймен еңсерген қазақ әдебиеті кафедрасы дәуірдің небір қиын-қыстау сынақтарынан сүрінбей өтіп, парасатты ұрпақ тәрбиелеу мен ғылымды өрістету жолындағы өзінің асыл миссиясын адалдықпен атқарып келеді. Осы даңқты жолда аға буынның мол тәжірибесі мен жас толқынның жалынды қайраты тоғысып, кафедраны республикадағы жетекші ғылыми-әдіснамалық орталықтардың биігіне көтерді. Алпыс жылдық асу – бұл алдағы жаңа белестерге бастар кезең ғана.

Бибі СЫЗДЫҚОВА
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button