«Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны таныстырылды
Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны мен бейнебаяны жарық көрді. Туынды кітап оқу мәдениетін насихаттап, қоғамдағы білімнің маңызын дәріптеуге бағытталған.

Әннің мәтіні қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Онда ұрпақтар сабақтастығы, білімге ұмтылу және ел бірлігі тақырыптары қамтылған. Туындыда кітап рухани құндылық пен жаңа идеялардың қайнар көзі ретінде сипатталады.
Әннің сөзі мен музыкасын жобаның Астанадағы кеңсе жетекшісі Жақсыбай Боранбаев жазған. Бейнебаянды Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының мұғалімі Қамбар Рахметовпен бірлесіп әзірлеген. Жұмыс барысында жасанды интеллект технологиялары да қолданылған.
Жобаның басты мақсаты – халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, күнделікті оқу дағдысын қалыптастыру. Әнұран мен бейнебаян көпшілікке цифрлық форматта ұсынылды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған жиында кітап оқудың жастарды ақпарат тасқынының кері әсерінен қорғайтын рухани қалқан екенін атап өткен болатын.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



