Жаңалықтар

Қарағандыға жыл соңына дейін 122 жаңа автобус жеткізіледі

Қарағандыда қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жақында «Таксокомбинат» ЖШС 20 жаңа автобус сатып алды. Жыл соңына дейін қалаға тағы да жаңа көліктер жеткізіліп, бірқатар бағыттағы автобустар жаңартылады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қала әкімі Мейрам Қожуховтың әлеуметтік желідегі мәліметінше, биыл қалалық автопарктер жалпы 122 автобус сатып алуды жоспарлаған. Оның бір бөлігі қолданыстағы ескі көліктерді алмастырса, енді бірі жолаушылар ағыны көп бағыттардағы автобус санын арттыруға мүмкіндік береді.

«Таксокомбинат» алған 20 автобус №28 және №31 бағыттарға шығады. Бұл бағыттардағы көлік саны көбейеді. Ал №01 бағыттағы ескі автобустар жаңасына ауыстырылады. Жақын күндері қалаға тағы сегіз автобус жеткізіліп, №012 бағытқа жіберіледі.

Жыл соңына дейін ең көп жаңа автобус №3 автопаркке беріледі. Кәсіпорын 60 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Олар 2013 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ескі көліктердің орнына шығады. Автобустар үш кезеңмен жеткізіледі: алғашқысы қазан айының соңына дейін, екіншісі қарашада, қалғаны желтоқсанда келеді.

Қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жыл басынан бері жүргізіліп келеді. Наурызда «Экспресс» автопаркі 22 жаңа автобусты №29 бағытқа шығарса, шілдеде «Рейс» автопаркі 12 автобусты №07 және №011 бағыттарға жіберді.

Осылайша, биыл жоспарланған 122 автобустың 34-і қала көшелеріне шықты, тағы 20 автобус жақында жеткізілді. Қалған 68 автобус жыл соңына дейін келеді деп күтілуде.

Қала әкімінің мәліметінше, соңғы бес жылда Қарағандыдағы қалалық автобустардың 80 пайызы жаңартылған. Алдағы жұмыстың басты мақсаты – көлік санын көбейтумен қатар, автобустардың уақытылы қатынауын қамтамасыз ету және жолаушылардың аялдамада ұзақ күтуін азайту.

Айта кетейік, 25 қазанда Республика күнімен қатар Автомобиль көлігі қызметкерлерінің күні де атап өтіледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button