Бас тақырыпЖаңалықтар

Неміс мамандары Қарағандыдағы футболдың дамуымен танысты

Мёнхенгладбахтың «Боруссия» клубының өкілдері Қарағанды облысындағы футбол нысандарын аралап, өңірлік футболды дамыту жобаларымен танысты. Клубтың академияларды дамыту жөніндегі менеджері Вольфганг Хайльман жаңартылған «Локомотив» стадионына жоғары баға беріп, Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) мен кәсіби «Шахтёр» клубының ынтымақтастығын футболды дамытудың тиімді үлгісі деп атады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Сапар бағдарламасына «Локомотив» стадионы, «Шахтёр» академиясының құрылысы, Freedom BFL балалар лигасы өтетін «Аманат» спорт кешені және QJ League аясындағы матч кірді.

«Бұл — өте сапалы жасанды алаң»

«Локомотив» стадионы Freedom қолдауымен қайта жаңғыртылды. Нысанда FIFA Quality Pro деңгейіндегі жасанды көгал төселіп, заманауи дренаж жүйесі орнатылды. Жарықтандыру жаңартылып, жүгіру жолы қалпына келтірілді.

Вольфганг Хайльман алаңның сапасын жоғары бағалап, қазіргі жасанды жабындардың табиғи көгалға жақындай түскенін айтты. Оның сөзінше, Қарағандының суық климаты жағдайында мұндай шешім орынды. «Боруссияның» қарамағындағы 11 алаңның үшеуіне жасанды жабын төселген.

Маман алаң таңдағанда климатты, пайдалану жиілігін және балалар академияларының қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті.

«Шахтёр» академиясы және жаңа инфрақұрылым

Делегация Тимур Турловтың қолдауымен салынып жатқан «Шахтёр» академиясының құрылыс алаңына да барды. Жоба аясында 3500 көрерменге арналған стадион, жабық футбол манежі, жаттығу алаңдары, интернат, медициналық кабинеттер мен жаттығу залдары салынады.

Қонақтарға QOFA жүзеге асырып жатқан ALGA! мектеп жобасы, Freedom BFL балалар лигасы және футболды дамытуға бағытталған басқа да бастамалар таныстырылды. «Аманат» спорт кешенінде Қарағанды мен облыстың өзге елді мекендерінен келген балалар командалары тұрақты түрде жарысқа қатысады.

Бұқаралық және кәсіби футбол байланысы

Вольфганг Хайльман QOFA мен «Шахтёр» клубының өзара байланысына ерекше назар аударды. Оның пікірінше, бұқаралық футбол мен кәсіби клуб арасындағы тығыз ынтымақтастық балаларды алғашқы жаттығулардан бастап академияға дейін жүйелі даярлауға мүмкіндік береді.

«Егер осы екі құрылым тығыз байланыста жұмыс істесе, бұл — мінсіз үлгіге жақын жүйе», — деді «Боруссия» өкілі.

Сондай-ақ маман өңірде талантты балаларды анықтап, олардың дамуына жағдай жасауға мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Мектеп футболынан академияға дейін

Делегацияға ALGA! мектеп бағдарламасының нәтижелері де таныстырылды. Жоба аясында футболмен айналыса бастаған он қыз бүгінде «Шахтёр» академиясында жаттығып жүр.

«Жүйе дәл осылай жұмыс істеуі керек. Оның үстіне ұлдар үшін де, қыздар үшін де. Маған бұл жоба өте ұнайды», — деді Хайльман.

Қарағанды облысында 2025 жылы басталған ALGA! жобасын QOFA Freedom қолдауымен жүзеге асырып келеді. Бағдарлама мектеп футболын дамытуға және балаларды тұрақты спортпен айналысуға тартуға бағытталған. Жоба туралы УЕФА-ның ресми сайтында да жарияланды.

Сапар барысында неміс мамандары «Шахтёр» академиясының QJ League аясындағы матчын тамашалады. Қорытындысында Вольфганг Хайльман өңірдегі мектеп футболын, балалар жарыстарын және кәсіби академияда ойыншылар даярлау жүйесін өзара байланыстыру тәсілін атап өтті.

«Біз де қолдау көрсетіп, өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз деп үміттенемін», — деп түйіндеді ол.

Неміс делегациясының сапары Қарағанды облысында футбол алаңдарын жаңарту, жаңа академия салу, мектеп футболын дамыту және балалар жарыстарын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды таныстыруға мүмкіндік берді.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button