Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағанды медицина университетіне Петр Поспеловтің есімі берілді

Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы әрі алғашқы ректоры Петр Поспеловтің есімі берілді. Шешім көрнекті дәрігердің туғанына 125 жыл толуына орай қабылданды. Салтанатты рәсімге медицина және білім беру саласының өкілдері, университет ардагерлері мен шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Петр Поспеловтің өңірдегі медициналық білім мен денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, Поспелов дәрігерлерді даярлау ісін дамытып, кәсіби мамандар мектебінің қалыптасуына жол ашты.

— Қарағанды Петр Моисеевич үшін туған қаласындай қымбат мекенге айналды, ал Қазақстан медицинасын дамыту оның өмірлік мұраты болды. Оның ең басты жетістігі — жай ғана медициналық институт ашу емес, бүгінде де өркендеп келе жатқан дәрігерлердің, ғалымдар мен ұстаздардың тұтас мектебін қалыптастыруы деп ойлаймын. Студенттер, сіздер таңдаған мамандық өз ісіңді жетік білумен ғана шектелмейді. Адамды тыңдай білу, оның жанын түсіну, ең қиын сәттерде қасынан табылу да аса маңызды. Петр Моисеевичтің адамдарға деген қарым-қатынасы дәл осындай еді. Ол өз елі мен халқы үшін қыруар еңбек еткен тұлға ретінде әрқайсыңызға үлгі болса екен деймін, – деді өңір басшысы.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев университетке Петр Поспеловтің есімін беру үлкен мәртебе әрі жауапкершілік екенін жеткізді. Ол оқу орны отандық медицина мектебінің дәстүрлерін сақтап, ғылыми жетістіктерін одан әрі арттыратынына сенім білдірді.

Медицина ғылымдарының докторы Қанат Ермекбаев те бұл шешімді тарихи әділдікті қалпына келтіру деп бағалады. Оның сөзінше, Поспелов өңірді дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп, медициналық институт ашуға күш салған.

Петр Поспелов 1950 жылы ашылған медициналық институтты ширек ғасырға жуық басқарды. Ол ұлттық медициналық кадрларды даярлауға, әсіресе ауыл жастарының жоғары білім алуына қолдау көрсетті. Оның басшылығы кезінде екі мыңнан астам қазақ дәрігері даярланды. Поспелов қазақ тілін меңгеріп, науқастармен ана тілінде сөйлескен.

Қазір университетте тоғыз мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оқу орны бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура деңгейлерін қамтитын 79 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды.

Мерейтой аясында университет тарихына арналған көрме ашылып, халықаралық дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар биомедицина мен биоинженерияны дамыту, жаңа ғылыми жетістіктерді медициналық білім мен денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізу мәселелерін талқылады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button