Халық КонституциясыРесми

Ата Заң аясындағы азат сана

Ата Заң пәрменінің қазақстандықтардың шынайы  өмірінен көрініс табуы асылында  ең алдымен қарапайым шаңырақтың тыныштығынан, жұмысшының құқығынан, диқанның еңбегінен байқалуға тиіс. Қазақстанда жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Арада жүз күннен астам уақыт өтті.

Сурет Ақордадан

Халық Конституциясының қарапайым тұрғындар үшін мәні терең баптарының бірі – 28-бап. Онда әр адамның баспанасына қол сұғылмайтыны, тұрғын үйден айыруға немесе одан шығаруға тек сот шешімімен ғана жол берілетіні тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Иә, шаңырақтың беріктігі әрқашан өзекті. Әр отбасы өз үйінде еш алаңсыз өмір сүріп, балаларын ертеңіне сеніммен тәрбиелесе, қоғамның да іргесі мығым болады. Тегінде  баспанаға қол сұғылмауы туралы конституциялық қағидаттың астарында адам қадірін ардақтаған ұстынды ұстаным жатыр.

Мұндағы шахтер шаңырағының өзіне тән өмір салты бар. Бірі түнгі ауысымға кетсе, енді бірі күндізгі жұмыстан оралады. Қауырт еңбек пен ұзақ жолдың арасында отбасы мүшелерінің бірге өткізетін уақыты да шектеулі. Осындай тірнекті тіршілікте әр жанұяның берекесі мен бала тәрбиесінің маңызы күрт арта түседі. Конституцияның 30-бабы неке мен отбасын, ана мен әкені, балалық шақты мемлекет қорғауына алады. Балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың құқығы ғана емес, міндеті ретінде де бекітілген. Ал, ержетіп, еңбекке қабілетті болған балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық көрсетуге тиіс. Атаулы бап ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық жауапкершіліктің заңдық негізін айқындайды.

Цифрлық технологиялардың дамуы азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесін өзге деңгейге бірақ көтерді. Банктер атынан жасалатын күмәнді қоңыраулар, пайдаланушылар туралы ауқымды ақпарат сұрайтын мобильді қосымшалар және электронды мемлекеттік қызметтердің кеңеюі – қазіргі қоғамның күнделікті шындығы. Мұндай қатынастар 1995 жылғы Конституция қабылданған кезеңдегі цифрлық ортадан әлдеқайда өзгеше. Осыған байланысты, қабылданған Конституцияның 21-бабында жеке өмірге қол сұғылмау және дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден әрі пайдаланудан қорғау мәселелері қамтылған. Атаулы кепілдіктер цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын әрекеттерге де қатысты. Бұған қоса, банк үдерістерінің, салымдардың және хат-хабардың құпиясы толықтай қорғалады.

Тарихтың салқар көшінде адамзат әділетті қоғамды, баянды тірлікті, бейбіт күнді аңсады. Сол арманның алтын арқауы – адам қадірін биік ұстау, ел бірлігін сақтау, әр азаматтың құқығын қорғау. Заман өзгерер, тіршілік жаңарар, жаңа мүмкіндіктер мен соны міндеттер туар. Әйткенмен, халықтың жүрегіндегі әділетке деген сенімнің бағасы ешқашан кемімейді. Халық Конституциясының асыл мұраты да – осы. Егемен елге тұғыр, адамға қорған, келешекке бағдар болу. Заң үстемдік құрған жерде сенім бекиді, сенім бар жерде тіршілік гүлденеді. Халықтың бақыты – бейбіт еңбекте, отбасының берекесінде, келешекке деген нық сенімде. Осы игіліктерді сақтау жолында Заңның алатын орны ерекше. Ата Заң азаматтың құқығын қорғап, қоғамдағы жауапкершілікті бекітіп, әр адамның ел өміріндегі орнын айқындауға қызмет етеді.  Жүз күннің жүзіне қарап, үлкен өзгерістің барша нәтижесін айту әлі ерте шығар. Дегенмен, бір ақиқат айқын. Заңның өміршеңдігі халықтың тіршілігімен біте қайнасқанда ғана танылады. Елдің қуаты  еңбек адамының қажырымен,  шаңырақтың шаттығымен, ұрпақтың жарқын болашағымен өлшенсе керек-ті.  Осындай құндылықтарды қорғаған Заңның тұғыры да берік бола бермек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button