Жаңа Конституция: халық мүддесі – басты назарда
Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын құжат қана емес, қоғамның даму бағытын белгілейтін маңызды бағдар. Жаңа Конституция аясында әлеуметтік қолдау, азаматтардың денсаулығын сақтау, білім алу мүмкіндігі мен өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне де ерекше назар аудару қажет. Өйткені, мемлекеттің дамуы ең алдымен халықтың әл-ауқатымен өлшенеді.

Қоғам өзгерген сайын азаматтардың сұранысы да арта түсуде. Бүгінде халық үшін әлеуметтік әділдік, сапалы медициналық көмек, қолжетімді білім мен тұрақты жұмыс – күнделікті өмірдің маңызды мәселелері.
Әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті – көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсетіп қана қоймай, әр азаматтың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жол ашу. Ол үшін жұмыспен қамту, кәсіби білім беру, жастардың бастамаларын қолдау және ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер алшақтығын азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуі керек. Әлеуметтік әл-ауқат туралы сөз қозғағанда, медицина саласын айналып өту мүмкін емес. Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, шалғай ауылдардағы медициналық инфрақұрылымды жақсарту, дәрігер тапшылығын азайту, аурулардың алдын алу және алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейту мәселелері өзекті.
Конституциялық қағидаттардың іс жүзінде жүзеге асуы азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының қорғалуынан да көрінеді. Медициналық көмектің сапасы, дәрігерге қолжетімділік және адамның өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілік мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының қатарында болуы тиіс.
Жаңа Конституцияның қоғам үшін маңызын түсінуде азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің өзара байланысына да назар аударған жөн. Құқықтық мемлекетте әр адамның құқығы қорғалуы қажет. Сонымен бірге, азаматтардың заңды құрметтеуі, қоғамдық тәртіпті сақтауы және ортақ игілікке жауапкершілікпен қарауы маңызды.
Мәселен, әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігі тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, оның әділ әрі ашық ұйымдастырылуына да байланысты. Сол сияқты медицина саласында да азаматтардың құқықтарын сақтау, медициналық қызметтің сапасына жауапкершілікпен қарау және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы өзара сабақтас болуы керек.
Қорыта келе, Жаңа Конституцияның маңызы ондағы қағидаттардың күнделікті өмірде жүзеге асуымен өлшенеді. Әлеуметтік қолдау, сапалы медицина мен қолжетімді білім әр азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Ал, бұл міндеттердің орындалуы мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігіне байланысты. Өйткені, құқықтары қорғалған, денсаулығы сақталған және болашағына сеніммен қарайтын азаматтар – ел дамуының басты тірегі.
Аида РАХЫМҚҰЛ
Ortalyq.kz



