Жаңа өндіріс – жаңа дағдыға сұраныс
Отандық еңбек нарығында бұрынырақ тосын қайшылыққа кезігетін едік. Мәселен, дипломы бар жас маман екі қолға бір күрек таппай сарсылғаны бар-тын да, енді бірде әлдебір кәсіпорынға иелері кәнігі маман таппай дағдаратын еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында атаулы мәселеге нүкте қойды. 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдаудың көздеген нысанасы – егемен елімізді технологиялық тұрғыдан дамыған, қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстан етіп құру. Әлбетте, бар түйіткіл әсте құрылыс пен инфрақұрылыммен шектелмесі шындық. Жаһан экономикасының өзі бүгінгі маманнан тың дағды талап етіп тұр. Ендеше осы тақылеттес тақырыпты тереңірек қаузап көрерлік негіз қылаңытатындай…

Бір анығы, ел қарапайым автоматтандырудан толыққанды цифрлық экономикаға көшуге бет бұрды.
– Біздің мақсатымыз – шын мәнінде халықтық цифрлық экономика құру. Интернет қоғамдық санада тұтыну мен көңіл көтерудің ғана емес, жасампаздық пен еңбектің виртуалды аумағына айналуы керек, – деп кесім етті Мемлекет басшысы.
Президент сөзінің стратегиялық мәні әр азаматтың игілігі үшін заманауи технологияны пайдалана алу дағдысын санаға тоқу. Адам баласы қай жерде тұрса да өздігінен жұмыс істеп, кәсіп ашып, капитал тарта алу қабілетінің орнықпағы маңызды жайтқа айналды. Ғалам торы табыс табатын ортаға, қос қоламыздағы смартфон жұмыс құралына айнала білмегі орасан игілікке есік ашпақ. Жолдау жолдарындағы нақпа-нақ тапсырмалар заманауи еңбек нарығының ережесін түбегейлі өзгертті. Жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимі белгіленеді. Ал, келер жылы болса, бизнес қауымдастығымен бірге ауыл өндірушісінің өнімін сандық платформа жолымен өткізетін өңірлік қанатқақты жобалар іске қосылады. Активтерді токендеу азаматқа компанияның ортақ иесі болуға, кәсіпкерге делдалсыз капитал тартуға жәрдемдеседі. Дата орталықтар мен суперкомпьютерлер жұмысын сәтті бастап, Каспий теңізінің түбінен талшықты-оптикалық торап магистралінің тартылуы көп жайдан ақпар беруде.
Энергетика саласы да осындай заманбап сұқсыр сұраныстың бір паршасы. Тек бір жылда ғана шамасы 123 миллиард киловатт-сағат өндірілетін қазіргі көлем индустриялық және цифрлық дамуға жеткіліксіз көлем деп бағаланды. Су жаңа кәсіпорын мен деректер орталығы және өңдеу зауыты тоқтаусыз тоқ көзі мен соның бәрін әсем үйлестірерлік шебер маманға зәру. Мемлекет басшысы Жолдаудың осы тармағын Жарлықпен бекітті. «Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы» құжат Үкіметке кешенді жоспар бекітуді, отандық өндірушінің өткізу нарығын кеңейтуді әрі жасанды зерде игілігін кәсіби тапсырыста практикалық дағды ретінде қолдануды жүктеді. Облыс әкімдіктері сәйкесінше өз іс жоспарын бекітеді. Яғни, сандық экономика ахуалы күн тәртібінен түспейтін нақты жұмыс жоспарындағы дерекке ойысқандығын қос көзіміз көріп келеді.
Қарағандыдан қарасақ, сондай сом сұраныс қазаны ортаймайды. Кейінде өнеркәсіп өнімі 3,7 триллион теңгеден асса, оның 2,6 триллионы өңдеу саласына тікелей тиесілі. Қарашадағы есепте көлем 4,2 триллионға жетіп, 4,9 пайызға өсті. Металлургия сол өңдеу секторының 61,8 пайызын еншіледі. Машина жасау бағыты 26,2 пайыздық өсім көрсетті. Шикізат әлі де ұстын-тірек қалыбынан айнымады. Бірақ өсім ендігәрі металл құймасынан бөлек одан шыққан бұйымдан саналады. 2032 жылға дейін өңірде жалпы құны 7 триллион теңгеге жуық 186 инвестициялық жоба жоталанып келеді. Мұның негізінде шамамен 36 мың жұмыс орны ашылады деп болжанады. Qarmet кәсіпорны 1,6 триллиондық бағдарламамен үр жаңа кокс батареясын, құю-прокат кешенін және сортты прокат станын межелеп қойды. Компания биыл 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір кені концентратын өндіруді уәде етті. Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің мәліметінше, кәсіпорын жұмысын бастағалы жаңғыртуға 2,7 миллиард доллардан астам инвестиция жұмылдырылған көрнеді. Балқаш пен Абайда әрқайсысы 300 мың тонналық екі мыс балқыту зауыты 2030 жылға дейінгі жоспар кестесіне жазылды.
Нақты мысал шеңберінде сөйлер болсақ, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы Silumin of Qazaqstan кәсіпорны алюминий сынығы мен қожын қорытпаға, қорытпаны дайын радиаторға айналдыратын толық циклмен жұмыс істейді. Зауыт бас директоры Нұрсұлтан Жұмабек атаулы өндіріс нысанын ауқымды импортты алмастыруға бағытталған соны буын индустриялық экожүйесі деп атады. Өндірістік желі Түркия, Италия және Швейцария жабдығымен жабдықталған. Станок шетелдік болғанымен, өнім қазақстандық болады. Міне, жаңа дағды мен соны сұраныстың бір жарқын көрінісі осы кейіпте. Атаулы қисын негізінде Qarmet болатынан QazTehna автобусының шанақ бөлшегі жасалады. «ТЭМПО» зауыты отандық құбыр шығарады.
Қазыналы Қарағандыға бүгінде сандық станокты меңгерген токарь, автоматтандырылған кен жүйесін жүргізетін машинист, энергия үнемдей білерлік энергетик, киберқауіпсіздікті терең түсінетін техник, отандық тауарды маркетплейске шығаратын маман аса қажет. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұны бүгінгі күннің талабы деп атады.
– Алдағы үш жылда өңірге шамамен 50 мың маман қажет болады. Оның жартысына жуығы зейнет жасына жеткен қызметкерлердің орнын алмастыру есебін толтырмақ. Ол өңір экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы алғаш рет колледждердің өтініміне емес, кәсіпорындардың нақты кадр қажеттілігіне қарай қалыптастырылды. Колледждер бизнес өкілдерінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұсыныс алады, студенттер тәлімгердің жетекшілігімен өндірісте тәжірибеден өтеді. Ең бастысы, маман оқуын аяқтағаннан кейін осы кәсіпорындарға жұмысқа орналасып, сонда еңбек етуі керек, – деп түйді ойын аймақ басшысы.
Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев келтірген мәліметке зер салсақ, өңірде 49 колледж, 33 мыңнан астам студент бар. Жұмыс берушімен бірге 243 білім беру бағдарламасы жасалған. Оқу бағдарламасына микробіліктілік, Minor бағдарламасы және жасанды интеллект бейіні еніп жатыр.
– Болашақ IT маманы деректерді талдау мен киберқауіпсіздікті, кенші цифрлық жабдық пен автоматтандырылған басқару жүйесін, энергетик автоматтандыру мен энергия үнемдеу технологиясын меңгере бастады. Дуальды оқытуда 37 колледж 464 кәсіпорынмен жұмыс істейді. 150 кәсіпорын 29 колледжге қамқорлық жасаған. Жалпы бағытымыз оң, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Жаңа мамандық тізімі Жолдаудың өндірістік тапсырысына дөп келеді. Робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараты, аддитивті технология, деректерді талдау осы тізімнің сап басында. Дрон операторы қысқа курспен де, негізгі бағдарламамен де оқытылмақ. Теміртау жоғары политехникалық колледжі 2026-2027 оқу жылында гидротехникалық құрылыс бағытына алғашқы 30 студентті қабылдады. Бағдарлама Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен және жұмыс берушімен бірге жазылған. Атаулы таңдау кездейсоқ емес. Қаныш Сәтбаев атындағы канал, Самарқанд су қоймасы және ирригация жүйесі барын естен шығармаймыз. Мәселен, алғашқы түлек 2028-2029 оқу жылында оқуын тәмамдап қалады.
Былтыр автокөлік құрастыру, сандық техника, электр жабдығын оңдау және ауыл шаруашылығын механикаландыруға қабылдау орта есеппен 60 пайызға өскендігі мәлім болды. Биылғы жоспардағы жаңа бағыттар қатарында маркшейдерлік іс, ет өнімдерін сұрыптау, химиялық тазалау мен бояу, графикалық және мультимедиялық дизайн, гидротехникалық мелиорация бейіндері бар. Бірқатар колледждер әкімшілігі педагог-ассистент пен аддитивті өндіріс технологиясы бойынша лицензия алған. Қарағандының 15 колледжі Қазақстан-Қытай кәсіптік білім альянсына ене білді.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы көз алдымыздағы бес басымдықты ерекшелеп берді. Өнеркәсіп және тау-кен. Көлік және логистика. Сауда мен қызмет. Білім және денсаулық. Әкімшілік-іскерлік сала. Ең жоғары сұраныс машина жасау, металлургия, энергетика, дәнекерлеу, құрылыс, көлік және инженерлік инфрақұрылым саласына еншілі. Арадағы алшақтықты көзбен көру үшін облыс аумағында кадр сұранысын анықтайтын арнаулы сандық жүйе де әзірленіп жатыр. Жүйе бос орынды, жұмыссыз азаматты, кәсіпорынның қажеттілігін және колледж бен жоғары оқу орнының түлегін бір-бірімен салыстырады, салғастырады. Жинақталған дерек білім бағдарламасын, грант санын және даярлау жоспарын қайта жазуға негіз болмақ. Бұл жағымды жайттар – Жолдаудағы «халықтық цифрлық экономиканың» өңірлік картасы десек, жарасар. Бас нысана – қосылған құны жоғары өнім. Халықтық цифрлық экономика. Аймақта екеуінің де іргесі сәтті қаланған. Болаттан автобус шанағы жалғанның жарығына шығып жатыр. Алюминий сынығы радиаторға айналып жатыр. Сайып келгенде, өндіріс тынысы кеңейген сайын оған қажетті маманның да келбеті өзгереді. Күні кеше ғана жалаң қол күшімен атқарылған жұмыс бүгін болса, сандық сана мен технологиялық сауаттылықты талап етіп тұр. Сарыарқаның өндірістік шежіресі талай буынның маңдай терімен жазылды. Кен қазған, көмір өндірген, металл балқытқан еңбек адамдарының дестелі дәстүрі бүгін жаңа сипат алып отыр. Технология қанша дамыса да, оны игеретін адамға деген қажеттілік бір азаймайды. Керісінше, талап күшейіп, кәсіби машықтың бағасы арта түседі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



