Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы 25 жылдығын атап өтті
Қарағандыда облыстық футбол қауымдастығының (QOFA) 25 жылдығына арналған мерейтойлық конференция өтті. Маңызды жиынға QOFA президенті Тимур Турлов арнайы қатысып, қауымдастықтың соңғы бір жылда атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарды. Сонымен қатар, өңір футболын одан әрі дамытуға бағытталған алдағы міндеттер айқындалды.

Конференция қарсаңында арнайы делегация Freedom қаражаты есебінен жаңғыртылған «Локомотив» стадионына және «Шахтер» футбол клубының жаңа академиясы салынып жатқан нысанға барды. Қонақтар мұнда атқарылған жұмыстармен танысып, спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалардың жүзеге асу барысын көріп қайтты. Айта кетерлігі, «Локомотив» стадионындағы жөндеу жұмыстары осыдан бір апта бұрын аяқталған.

Ал, негізгі жиын Қарағандыдағы «Piano» мейрамханасында жалғасты. Мерейтойлық конференцияда қауымдастықтың ширек ғасырлық тарихы сараланып, соңғы кезеңдегі өзгерістер мен алдағы даму бағдарлары сөз болды.

Осыдан 25 жыл бұрын Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы ресми түрде тіркеліп, өңірдегі футболды жүйелі түрде дамытуға бағытталған жұмыстардың негізі қаланған еді. Ширек ғасыр ішінде бұл салада елеулі өзгерістер орын алды. Жаңа бастамалар қолға алынып, талантты спортшылар мен мамандардың есімі елге танылды. Футболдың балалар мен жасөспірімдер спортынан бастап бұқаралық және кәсіби бағыттарына дейінгі түрлі салаларында маңызды қадамдар жасалды.
Конференцияда сөз алған QOFA президенті Тимур Турлов бүгінде өңірде қазақстандық футболдың даму бағытын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін кешенді модель қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

– Қарағанды өңірінде қазақстандық футболдың даму бағытын түбегейлі өзгертетін кешенді модель қалыптасып келеді. Бұл бастама тек спортты дамытып қана қоймай, бүкіл республика үшін озық үлгі болуға ұмтылады. «Шахтер» футбол клубының мерзімінен бұрын Премьер-лигаға қайта оралуы өңір спорт әлеуетінің жоғары екенін айқын дәлелдейді. Өңірдегі футбол жобаларына 2 миллиард теңгеден астам қаражат құйылып, ұзақ мерзімді нәтиже беретін салаларға басымдық берілді. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі футболдан бастап, балалар мен жасөспірімдер жарыстары, әуесқойлар чемпионаты, инклюзивті жобалар, бапкерлер мен төрешілерді даярлау ісі бір жүйеге біріктірілді. Облыста футбол ортасын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету, жергілікті жас таланттарды халықаралық деңгейге шығару және әрбір баланың футболмен айналысуына тең жағдай жасау басты назарда. Сондай-ақ, Орталық «Шахтер» стадионын 2027 жылы бюджет қаражаты есебінен манеж форматында қайта жаңғырту жоспарланған, – деді Тимур Турлов.
Айта кетейік, Тимур Турловтың QOFA президенті болып сайланғанына бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында қауымдастық тарапынан балалар мен жасөспірімдер футболын, мектеп және бұқаралық футболды дамытуға, спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылды. Конференция барысында атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды.
Жиынның ресми бөлімінде қауымдастық президенті Тимур Турловтың ұсынысымен Иван Блат «Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті президенті болып сайланды. Айта кетейік, Иван Блат көп жылдан бері Қарағанды футболының дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде QOFA-ның Төрешілер комитетін басқарады. Оның кәсіби қызметінің елеулі бөлігі өңірдегі футбол төрешілігін дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және төрешілік бағытты жүйелі түрде жетілдіруге арналған.

Конференцияның ресми бөлігінде өңір футболының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа арнайы марапаттар да табысталды.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



