Жалғыз донор – жеті ғұмыр
Ағза трансплантациясы – ауыр дертке шалдыққан науқастар үшін өмірін сақтап қалуға немесе оның сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін медицинаның маңызды тұсы. Алайда, онда күрделі медициналық үдеріс қана емес, адам тағдыры мен жауапкершілік мәселесі де бар.

Облыста да трансплантацияға мұқтаж азаматтар жоқ емес. Өңірдегі донорлық үдерістің ұйымдастырылуы, әлеуетті донорды анықтаудан бастап, ағзаны реципиентке жеткізуге дейінгі жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл ретте дәрігерлер мен трансплантация үйлестірушілерінің өзара іс-қимылы ерекше мәнге ие.
Қарағанды облысының өңірлік трансплантация үйлестірушісі Назира Сапарбекқызының айтуынша, 2020 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің №664 бұйрығымен трансплантация саласындағы үйлестіру орталығын құру туралы ереже бекітілген.
– Бүгінде елімізде шамамен 5 мың реципиент ағза трансплантациясын күтсе, Қарағанды облысында бүйрек трансплантациясын күтіп жүрген 373 пациент бар, оның тоғызы – бала. Сонымен қатар, 11 адам бауыр, 10 адам жүрек, 4 пациент өкпе трансплантациясын күтуде. Өңірлік үйлестірушілердің негізгі міндеті – әлеуетті донор анықталған сәттен бастап, донорлық үдерісті ұйымдастыру.
Стационарлық үйлестірушіден әлеуетті донор туралы ақпарат түскеннен кейін пациентке медициналық комиссия арқылы ми өлімі диагнозы қойылады. Одан кейін қажетті құжаттар Республикалық трансплантация үйлестіру орталығына жолданып, азаматтың көзі тірісінде донорлыққа қатысты келісімі немесе бас тартуы туралы ерік білдіруі тексеріледі.
Егер мұндай шешім тіркелсе, марқұмның туыстарымен жұмыс жүргізіледі. «Бір донордың ағзалары бірнеше пациентке мүмкіндік бере алады. Сондықтан, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Бұл жұмыстар еңбек ұжымдарында, жоғары оқу орындарында және жастар арасында өткізіледі.
Әр азамат қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз еркін алдын ала білдіре алады. Ол үшін eGov порталындағы «Денсаулық сақтау» бөлімі арқылы келісімін немесе бас тартуын тіркеуге мүмкіндік бар», – дейді Назира Сапарбекқызы.
Донорлық үдеріс қоғамда жиі талқыланатын бірнеше маңызды сұрақты қамтиды. Соның бірі – ми өлімінің қалай анықталатыны. Мамандардың түсіндіруінше, ми өлімі диагнозы медициналық комиссия арқылы белгіленеді. Бұл ретте қажетті медициналық талаптар мен рәсімдер сақталады.
Сондай-ақ, азаматтың көзі тірісінде білдірген еркі ескеріледі. Егер оның донорлыққа қатысты келісімі немесе бас тартуы тіркелмеген болса, заңнамада белгіленген тәртіппен туыстарымен жұмыс жүргізіледі.
Донор ағзасы алынғаннан кейін оның медициналық тұрғыдан жарамдылығы бағаланады. Ал, реципиентті анықтау кезінде ағзаның сәйкестігі, медициналық көрсеткіштер және трансплантацияға қатысты басқа да талаптар ескеріледі. Әрбір ағзаның өз реципиентіне жетуіне дейінгі жолы нақты медициналық алгоритм бойынша жүзеге асады.
Бұл жұмыстың алғашқы әрі жауапты кезеңдерінің бірі – әлеуетті донорды дер кезінде анықтау. Х.Мақажанов атындағы клиниканың хирургиялық көмек жөніндегі директор орынбасары Боранқұл Махиннің айтуынша, стационар Қазақстандағы донорлық орталықтардың бірі саналады. Көпсалалы клиникада нейрохирургиялық және неврологиялық бағыттағы ауыр халдегі пациенттер көп емделетіндіктен, олардың арасында ми өлімі орын алуы мүмкін жағдайлар да кездеседі.
– Бір донор жеті реципиентке дейін өмір сүруге мүмкіндік бере алады. Әлеуетті донорды дер кезінде анықтау – клиниканың маңызды міндеттерінің бірі. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен клиникада реанимация бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-реаниматологтар және өңірлік трансплантация үйлестірушісінен тұратын арнайы бригада жұмыс істейді.Ми өлімін анықтау үшін қажетті медициналық жабдықтардың барлығы қарастырылған. Халықаралық медициналық стандарттарға сәйкес, ми өлімі адамның қайтыс болуымен теңестіріледі. Осыдан кейін адам әлеуетті донор ретінде қарастырылады. Биыл клиникада бес әлеуетті донор анықталды. Алайда, өкінішке қарай, олардың ағзаларын мұқтаж пациенттерге трансплантациялауға туыстары келісім бермеді, – дейді Боранқұл Махин.
Оның сөзінше, әлеуетті донордың анықталуы ағзалар міндетті түрде алынады дегенді білдірмейді. Алдымен ми өлімі медициналық талаптарға сай расталып, адамның көзі тірісінде донорлыққа қатысты ерік білдіруі тексеріледі. Тиісті рәсімдерден кейін ғана донорлық үдерістің келесі кезеңіне өтуге мүмкіндік беріледі.
Егер қажетті келісім болса, донор ағзаларының жұмысын сақтап қалуға бағытталған медициналық шаралар жүргізіліп, ағзаларды алуға жауапты қызметтерге ақпарат беріледі.
Донорлықтың адам өміріндегі маңызын оны өз басынан өткерген адамдардың тағдырынан анық көруге болады. Қарағанды қаласының мәслихат депутаты Марат Түсіпов үшін трансплантация – өмірін түбегейлі өзгерткен медициналық көмек.
– 2004 жылы екі бүйрегім де істен шығып, гемодиализ аппаратына тәуелді болдым. Екі жарым жыл бойы осы емді алып, денсаулығыма байланысты арбаға таңылдым. Ол кезең өте ауыр болды. Ол уақытта трансплантология бүгінгідей дамымаған еді, сондықтан, гемодиализде жүрген адамдардың арасында өлім-жітім де көп болатын. Әр келген сайын «бүгін кімнен айырылып қаламыз?» деп алаңдап отыратынбыз.2006 жылдың соңында Пәкістанға барып, бүйрек трансплантациясын жасаттым. Содан кейін, алты жыл бойы трансплантацияланған бүйрекпен өмір сүрдім. Кейін ағза қабылдамауы, яғни, кері тебілу үдерісі басталып, 2012 жылы қайтадан гемодиализге оралдым. Тағы төрт жарым жыл бойы аппаратқа тәуелді болдым.Күнара гемодиализ алу, сұйықтықты шектеу – адамға физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да оңай емес. 2017 жылы Астанада туыстық донордан бүйрек трансплантациясы жасалды. Қазір сол бүйрекпен қалыпты өмір сүріп келемін.Қала әкімінің мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс көмекшісі ретінде де азаматтардың мәселесін көтеруге атсалысып жүрмін. Яғни, кезінде өзіме өмір сыйлаған трансплантациядан кейін қоғамға пайдамды тигізсем екен деген мақсатпен еңбек етіп келемін, – деді Марат Түсіпов.
Сонымен қоса, ол мәйіттік донорлықты одан әрі дамыту қажет. Туыстық донорлықтың да өз ерекшелігі бар, өйткені, тірі адамның ағзасын беруі оның денсаулығына белгілі бір қауіп тудыруы мүмкін екенін де айтты.
– Ал, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты жүйелі түрде дамыту трансплантацияны күтіп жүрген көптеген адамға мүмкіндік береді. Гемодиализ сапасына қатысты да мәселелер бар. 2006 жылы Пәкістанда ем алған кезде Fresenius аппараттарында гемодиализдің тиімділігін көрдім. Кейбір көрсеткіштер қысқа уақыт ішінде айтарлықтай төмендейтін.Біздің елде де заманауи, жоғары сапалы медициналық жабдықтардың қолжетімділігін арттыру қажет деп ойлаймын. Технология дамыған сайын емдеу тәсілдері де соған сай болуы керек.Бүгінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде де бұрынғыға қарағанда жағдай жақсарды. Бұрын қажетті препараттарды алу үшін Алматыға дейін барып, түрлі мекемелерге жүгінетінбіз. Қазір көптеген дәрі-дәрмек жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.Дегенмен, трансплантацияны күтіп жүрген адамдар әлі де көп. Донорлықты дамыту, заманауи медициналық технологияларды енгізу және пациенттерге қажетті емнің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса берсе екен деймін, – дейді ол.
Трансплантацияны күту әр пациент үшін әртүрлі кезеңдерден өтеді. Бірі бірнеше жыл бойы гемодиализ алып жүрсе, енді бірі сәйкес донор табылғанша ондаған жыл күтеді. Мұндай ұзақ күту кезеңінің адам өміріне әсерін бүйрек трансплантациясы жасалған Айжан Жанбуршинаның тағдырынан да көруге болады.
– Мен 18 жасымнан бастап, бүйрек ауруымен күрестім. Сол жылы Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында емделдім. Алайда, үш айдан кейін жағдайыма байланысты үйге шықтым. Бүйрек трансплантациясын күттім, бірақ жоғары қан қысымына байланысты емді үйде жалғастыруға тура келді.Осылайша, 20 жыл бойы гемодиализ алдым. Бұл уақыт денсаулығыма да әсер етті, көру қабілетімнің бір бөлігінен айырылдым. Екі онжылдық бойы Астана мен Алматыдан бүйрек трансплантациясына шақыру күттім. Алайда, кезегім келген жоқ.2025 жылы Беларусь Республикасында бүйрек трансплантациясын жасауға мүмкіндік туды. 2026 жылдың қаңтарында Брест қаласына шақырылып, сол жерде маған бүйрек трансплантациясы жасалды. Қазір операциядан бері сегіз ай өтті. Өзімді жақсы сезінемін, дәрігерлер тағайындаған препараттарды тұрақты қабылдап жүрмін.Осы мүмкіндікке себеп болған трансплантологтарға, барлық медицина қызметкерлеріне және әсіресе, бізге диализ кезінде үнемі қамқорлық көрсеткен мейіргерлерге алғыс айтқым келеді. Диализдегі пациенттерге олардың еңбегі мен адамгершілік қарым-қатынасының маңызы өте зор, – деді Айжан Жанбуршина.
Донорлық – үлкен жауапкершілікті талап ететін медициналық әрі әлеуметтік мәселе. Оның негізінде адам өмірін сақтауға деген мүмкіндік, өзара қолдау және саналы шешім жатыр. Қоғамда донорлық туралы дұрыс түсінік қалыптастыру, медициналық үдерістің ашықтығы мен қауіпсіздігі туралы ақпарат тарату трансплантацияны күтіп жүрген жандар үшін елеулі мәнге ие.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



