Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда аяғында күрделі ақауы бар балаларға ота жасалады

Қарағандыда аяғында күрделі ақауы бар жеті балаға операция жасалады. Ота Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында өтіп жатқан халықаралық шеберлік сағаты аясында қазақстандық және ресейлік ортопедтердің қатысуымен жүргізілуде.

Суреттер облыс әкімдігінен

Шеберлік сабағын Ярославль қаласынан келген травматолог-ортопед, медицина ғылымдарының докторы, профессор Максим Вавилов өткізуде. Бұл оның Қарағандыға екінші келуі.

— Туа біткен аномалиялары мен жүйке жүйесінің бұзылыстары бар, стандартты емге келмейтін балалар кездеседі. Мен осындай күрделі жағдайларды емдеудегі тәжірибеммен бөліскім келеді, — деді маман.

Екі күнде 6-дан 16 жасқа дейінгі жеті балаға ота жасалады. Олардың арасында күрделі маймақтық, аяқ басының деформациялары, неврологиялық аурулардың салдары және Шарко–Мари–Тут синдромы бар балалар бар.

Пациенттердің бірі — Саран қаласының 12 жастағы тұрғыны. Оның екі аяғында да күрделі маймақтық, сондай-ақ микроцефалия мен эпилепсия бар. Қазір бір аяғына операция жасалып жатыр.

— Біз мұндай мүмкіндікті ұзақ күттік. Оның өздігінен жүргенін қалаймыз, — деді баланың анасы Любовь Величко.

Мамандар сүйек пластикасы, металлоостеосинтез, сіңір-бұлшықет транспозициясы және микрохирургиялық әдістерді қолданады. Операциялар шағын тіліктер арқылы жасалып, қан жоғалтуды азайтуға және оңалту мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Шеберлік сағатына Қазақстанның әр өңірінен 15 медицина маманы қатысуда. Олар операцияларға қатысып, күрделі жағдайларды талдап, заманауи емдеу тәсілдерін меңгеруде.

Алдағы уақытта қарағандылық дәрігерлер осындай күрделі операцияларды өз бетінше орындауды жоспарлап отыр.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button