Қарағанды – Шахтинск жолындағы қозғалыс 9 қазанда қалпына келеді
Қарағанды – Саран – Шахтинск бағытындағы жол жөндеу жұмыстарына байланысты жүргізушілерге қолайсыздық туындаған. Облыстық маңызы бар автожолдың бір бөлігіндегі қозғалыс уақытша шектеліп, көліктер айналма жол арқылы қатынап жүр.

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қазір аталған бағыттағы жолдың 16-35 шақырым аралығында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Шахтинск қаласы мен Шахан кенті арасындағы учаскеде ұзындығы 400 метр болатын бөлікте жөндеу жұмыстарына байланысты 3 қазанға дейін қозғалыс шектелген. Қазіргі уақытта жолға жоғары кеуекті асфальтбетонның төменгі қабаты төселді.
Ведомствоның хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты жөндеу жұмыстарының мерзімі қайта қаралған. Жоспарға сәйкес, аталған бағыттағы көлік қозғалысын 9 қазанда қайта қалпына келтіру көзделіп отыр.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жүргізушілер Қарағанды – Саран – Шахтинск бағыты бойынша әдеттегі жолмен жүре алады. Ведомство уақытша қолайсыздықтар үшін тұрғындардан түсіністік танытуды сұрады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



