Жаңалықтар

«Әділет» партиясы орта бизнестің үлесін 20%-ға жеткізуді ұсынды

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңес отырысында Қазақстандағы орта бизнесті дамыту, отандық компаниялардың өсуіне жағдай жасау және кәсіпкерлерге қолдау шараларын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сурет партияның ресми сайтынан

Партия бағдарламасында орта бизнестің экономикадағы үлесін қазіргі 7%-дан 20%-ға дейін арттыру және бес жыл ішінде 1 млн жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, бұл үшін инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, отандық өнім экспортын ұлғайту және бизнестің өсуіне кедергі келтіретін мәселелерді шешу қажет.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылы 429 кәсіпорын шағын бизнестен орта бизнес санатына өткен. Осы бағытта өсім әлеуеті бар кәсіпорындарды анықтайтын «Өсу картасы» әзірленді.

Отырыс барысында кәсіпкерлердің бизнесті әдейі өсірмей ұстауына әсер ететін салықтық және әкімшілік кедергілер де көтерілді. Қатысушылар орта бизнеске өткен компанияларға бейімделу кезеңін беру, қолдау шараларын бір жүйеге келтіру, ұзақ мерзімді келісімшарттар мен өнеркәсіптік сұраныс картасын енгізу, өндірістік кооперацияны дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ірі инвестициялық жобаларға отандық жеткізушілерді кеңінен тартудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар шағын және орта бизнестің дамуына да серпін беруі тиіс.

Іскерлік кеңес бұдан былай тұрақты форматта жұмыс істеп, кәсіпкерлердің ұсыныстарын нақты шешімдерге айналдыруды көздейді. Ұсыныстар заңнамалық бастамаларға, депутаттық сауалдарға және Үкіметке жолданатын ұсыныстарға енгізіледі. Мақұлданған бастамалар нақты қадамдар мен бақылау тәртібі көрсетілген жол картасына енгізіледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button