Құқықтық мемлекеттің жаңа межесі
Конституцияның мәні мемлекеттік институттардың қалай құрылғанымен ғана емес, адамның құқығы қаншалықты қорғалғанымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция елдің құқықтық жүйесіне елеулі өзгеріс әкелді. Жеке бас бостандығы, қылмыстық процестегі кепілдіктер, цифрлық кеңістіктегі құқықтар, конституциялық бақылау мен мемлекеттік биліктің жаңа құрылымы енді басқа құқықтық өлшеммен бағаланады.

Маңызды жаңалықтардың бірі – қылмыстық процесс саласына қатысты. Адамның жеке бас бостандығы мен қолсұғылмаушылығы дербес конституциялық кепілдік ретінде айқындалды. Ұсталған адамға бостандығын шектеудің негіздері мен құқықтары түсіндірілуге тиіс. Ол адвокат көмегін ұстау сәтінен бастап пайдалануға құқылы, ал қамауда ұстауға тек сот шешімімен жол беріледі.
Мұндағы басты өзгеріс – бұрын негізінен қылмыстық-процестік заңнама арқылы қамтамасыз етілген бірқатар кепілдіктің енді тікелей Конституция деңгейінде бекітілуі. Демек, тергеуші, прокурор немесе сот оларды жай процессуалдық талап емес, адамның конституциялық құқығы ретінде қарауға тиіс.
Кінәсіздік презумпциясы да осы қатарда. Адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанға дейін ол кінәсіз болып есептеледі. Ешкім өзін, жұбайын және заңда белгіленген жақын туыстарын әшкерелейтін айғақ беруге міндетті емес. Бір құқық бұзушылық үшін қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға да жол берілмейді.
Жаңа Конституцияның тағы бір ерекшелігі – цифрлық кеңістіктегі адам құқықтарына назар аударылуы. Жеке және отбасылық құпиямен қатар дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы бекітілген. Банктік операциялар, хат-хабарлар, телефон арқылы сөйлесулер мен цифрлық байланыс арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады.
Цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамып отырған кезеңде мұның маңызы арта түседі. Дербес деректерді сақтау, бейнебақылау, биометриялық сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен жасанды интеллектіні пайдалану тәртібі енді конституциялық талаптар тұрғысынан бағалануға тиіс.
Азаматтардың құқықтарын қорғауда Конституциялық Соттың да орны айрықша. Азаматтар өздерінің Конституцияда көзделген құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін оған жүгіне алады. Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де конституциялық бақылауға бастамашылық жасау мүмкіндігі берілген.
Бұл тетіктің маңызы – бір азаматтың шағымы тұтас құқықтық жүйеге ықпал етуі мүмкін. Егер мәселе мемлекеттік органның жеке шешімінен емес, сол шешімге негіз болған құқықтық нормадан туындаса, Конституциялық Сот оның Конституцияға сәйкестігін бағалайды. Осылайша жеке адамның мәселесі көптеген азаматтың құқығына әсер ететін құқықтық нәтижеге ұласуы ықтимал.
Мемлекеттік билік құрылымында да елеулі өзгеріс бар. Бұрынғы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай енгізілді. Бұл өзгерісті құрылымды ықшамдау деп қана бағалау жеткіліксіз. Негізгі мәселе – заң шығару сапасы мен парламенттік бақылаудың тиімділігінде.
Бір палаталы жүйе заң қабылдау рәсімін жеделдетуі мүмкін. Алайда жылдамдық заң сапасынан жоғары тұрмауға тиіс. Сондықтан, қоғамдық талқылау, құқықтық сараптама, Конституцияға сәйкестікті бағалау және депутаттық бақылаудың маңызы бұрынғыдан да артады.
Заң шығару бастамасы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық Кеңесіне берілген. Халық Кеңесінің заң жобаларын Құрылтайға енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы болуы да жаңа саяси-құқықтық жүйенің ерекшеліктерінің бірі.
Жаңа Ата Заңның құқықтық салмағын айқындайтын басты қағида – Конституцияның үстемдігі. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер оған қайшы келмеуге тиіс. Бұрын қабылданған актілер де жаңа Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде ғана қолданылады.
Сондықтан, жаңа Конституцияның қабылдануымен құқықтық реформа аяқталды деуге ерте. Керісінше, енді оның ең жауапты кезеңі – конституциялық нормаларды заңнама мен күнделікті құқық қолдану тәжірибесіне енгізу басталды.
Оның нәтижесі жаңа органдардың атауымен немесе қабылданған заңдардың санымен емес, азаматтың күнделікті өмірінде сезілуімен өлшенеді. Адам полицияға, әкімдікке немесе сотқа жүгінген кезде Конституцияда жазылған құқығы нақты қорғалса, мемлекеттік орган өз өкілеттігінің шегінен шықпаса, сот негізгі құқықтарды пәрменді қорғай алса – конституциялық реформаның нақты нәтижесі де осы.
Өйткені құқықтық мемлекетте Конституция – мерекелік даталарда ғана еске алынатын құжат емес. Ол биліктің қай жерде тоқтап, адам құқығының қай жерден басталатынын айқындайтын ең жоғары құқықтық өлшем.
Салтанат ІЛИЯШ
Ortalyq.kz


