Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі
Астанада қазақы тазылардың тұқымдық сапасын бағалауға арналған «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Көрме барысында тазылар сараптамалық бағалаудан өтіп, олардың тұқымдық ерекшелігі мен белгіленген стандарттарға сәйкестігі анықталды. Талапқа сай келген иттердің иелеріне халықаралық үлгідегі «Иттің шығу тегі туралы» куәлік табысталды. Бұл құжат тазыларды ресми асылдандыру жүйесіне енгізіп, олардың шығу тегін бақылауға мүмкіндік береді.

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали тазыларды жүйелі түрде тіркеу мен асылдандырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, елімізде ресми есепте 4 мыңнан астам тазы бар. Алайда ауылдық жерлердегі тіркелмеген иттерді қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 6-7 мыңға жетуі мүмкін.

Көрме қорытындысында Қарағандыдан келген 79 жастағы Рамазан Есейовтің Елес есімді тазысы жеңімпаз атанды. Тазы баптап жүрген ол бұл кәсіппен алты жасынан бері айналысып келеді.

Қазақы тазыларды тіркеу және олардың шығу тегін бақылау тұқымдық ерекшеліктерді сақтап, жауапты асылдандыру жұмыстарын жүйелеуге бағытталған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



