Қарағандыда 74 гектар аумақта спорт кластері құрылады. Бұл жайлы қала әкімі Мейрам Кожухов мәлім етті. Жаңа ауданның маңызды нысандарының бірі – 74 гектар аумақта орналасатын спорт кластері. Оның құрамына жалпы тоғыз спорт нысаны кіреді.

Қазірдің өзінде «Шахтер» футбол академиясының құрылысы басталды. Нысанды Freedom Holding Corp Қарағанды облысының әкімдігімен жасалған меморандум аясында салып жатыр.
Спорт кластерінде бұдан бөлек УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сай стадион бой көтереді.

Сондай-ақ мұнда оннан астам олимпиадалық спорт түріне арналған әмбебап спорт аренасы, жеңіл атлетика манежі мен ұзындығы 400 метр жүгіру жолы салынады. Оған қоса, екі хоккей корты,
үш ойын залы бар мұз аренасы, спорт мектебі, интернат және колледж орналасады.
Кластер инфрақұрылымы бір мезгілде 500-ден астам спортшының білім алып, жаттығуына мүмкіндік береді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



