Аймақтың қос спортшысы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Англияның Лафборо қаласында церебральды сал ауруы бар футболшылар арасында шағын футболдан «IFCPF Men’s World Championships 2026» әлем чемпионаты өтті. Әлемдік додаға Қазақстан ұлттық құрамасы тұңғыш рет қатысып, ел спортының тарихында қола жүлдеге қол жеткізді. Тартысты додада Қазақстан намысын қорғаған спортшылардың қатарында №1 арнайы мектеп-интернатының қос спортшысы Анатолий Федоровский мен Виталий Крадин да бар.

Жарыстан жүлдемен оралған спортшыларды Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов қабылдап, жүлдегерлерге сый-сияпат табыстады.
Аталған турнирді Церебральды сал ауруы бар жандардың халықаралық футбол федерациясы ұйымдастырған. Оған әлемнің түпкір-түпкірінен 12 команда қатысып, өзара мықтыны анықтаған. Қатысушы командалар өзара екі топқа бөлінген. Сәйкесінше, топтық кезеңнен көп ұпай еншілеген екі команда әлем чемпионатының ақтық кезеңге жолдамасы берілген. Ал, ұлттық құрама спортшылары топтық кезеңнен жоғары ұпай жинап, жартылай кезеңге жолдама алады. Өкінішке қарай, отандастарымыз жартылай финалда АҚШ құрамасына есе жіберіп, чемпионаттың қола жүлдегерлері атанады.

– Қарағандылық өрендердің бұл шыңды бағындыруына Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жүзеге асқан «Баршаға арналған футбол» жобасы зор ықпал етті. Жобаның кураторы, спорт ардагері Наталья Сухорукованың еңбегі ерекше атап өтілді. 2018 жылы басталған бұл бастама 8 жылдық табанды еңбек пен қажымас қайраттың арқасында бүгінде осындай заңғар биікке жетіп отыр. Бастапқыда сенімсіздік пен қиындықтар болғанына қарамастан, бапкерлер мен ұжымның тынымсыз төккен тері өз жемісін берді. Ұлттық құраманың ойыншыларына, бапкерлер штабына және осы тарихи жеңіске үлес қосқан барша азаматтарға шексіз алғыс білдіреміз, – деді Нұркен Қанатұлы.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



