Президент: Тәуелсіздік – ең қымбат қазынамыз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнінің ел бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы егемендік пен Тәуелсіздікті ең қымбат қазына деп атап, мемлекеттілікті нығайту әр азаматтың міндеті екенін жеткізді.

– Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз. Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік. Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент жастардың төл тарихқа қызығушылығы артып келе жатқанын оң бағалады. Оның сөзінше, ел тарихын біржақты қарастырмай, ұлы жеңістер мен ұлттық мұраны терең тану маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдіктің тұғыры мемлекетшілдік, отаншылдық, адалдық пен еңбекқорлық сияқты қасиеттер арқылы нығаятынын атап өтті.
– Біздің тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазды. Олардың өмірі мен ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады».
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



