АймақБас тақырыпБілім

1 қыркүйекте Қарағанды облысында жаңа төрт мектеп ашылады

Әр оқу жылы білім саласы үшін жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер бастауы. Биыл облыста мектептерді жаңғыртуға, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және білім алушыларға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар атқарылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақта төрт жаңа жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын бастайды. Оның үшеуі Бұқар жырау ауданында, біреуі Қарағанды қаласында орналасқан. Атап айтқанда, Үштөбе ауылында 300 орындық №2 жалпы білім беретін мектеп, Доскей ауылында 300 орындық №1 жалпы білім беретін мектеп ашылады. Ғабиден Мұстафин атындағы кентке қарасты. Нұра станциясында да 300 оқушыға арналған мектеп ел игілігіне беріледі. Қарағанды қаласының жаңа ауданында 1 200 оқушыға арналған №29 мектеп жұмысын бастайды.

Жаңа мектептердің құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – оқушы орындары тапшылығын азайтып, мектептегі жүктемені төмендету, және балаларға заманауи білім алу ортасын қалыптастыру.

Биыл өңірдегі білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары да жалғасып отыр. Жаңа оқу жылына дайындық барысында 217 білім беру нысаны жөндеумен қамтылды. Оның ішінде 18 мектеп пен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығында күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 198 нысанда жүргізілді. Олардың қатарында 126 мектеп, 62 балабақша, 4 колледж, 4 қосымша білім беру ұйымы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдайтын екі орталық бар. 18 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылы басталып, Мемлекет басшысының жалпы білім беретін мектептерді жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында биыл да жалғасуда.

Жаңа оқу жылында Қарағанды облысының мектептері 15 691 бірінші сынып оқушысын қабылдайды. Биыл 11-сыныпқа 9 546 оқушы барады. Осылайша, өңір жаңа оқу жылын төрт жаңа мектеппен, 2 100 қосымша оқушы орнымен және жаңартылған білім беру инфрақұрылымымен қарсы алады. Білім беру ұйымдарында санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қамтамасыз етіліп, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасалған.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button