Бас тақырып

Аппақтың алақанында оянған арман

Кешегі қойшы баланың алақанына сыйған бір уыс қара тас түбі сан қаланың шамын жағып, ел өнеркәсібінің қара қазанын қайнататын қазыналы дәулетке айналады деп кім ойлаған? Жер қойнауының тынысын ашқан Қарағанды көмірі соғыстың сұрапыл жылдарында зауыттардың отын өшірмей, бейбіт күнде өңірге өмір сыйлады. Бірақ, жер астынан байлық өндіру – тек марапат пен мерекеден тұрмайды. Шахтер шамының жарығында ұлы еңбекпен қатар жүретін қасіреттің де табы бар. Аппақ Байжанов тапқан қара тастан бастау алатын бұл шежіре – ең алдымен, газ жұтып, тозаңға тұншыққан қайсар жандардың тағдыры екені даусыз…

Суреттер облыстық өлкетану мұражайынан

Оянған өлке

Сөз зергері Ғабит Мүсірепов тұтас бір дәуірдің болмысын «Оянған өлке» деген екі ауыз сөзге сыйғызды. Оның суреттеуіндегі Қарағанды – бір күнде дүр етіп дүрмекке ілескен мекен емес. Меңіреу жатқан даланың тынысына әуелі саудагердің есебі, одан соң кеншінің қайласы араласты. Романдағы Игілік – көркем жинақталған бейне болғанымен, оның тарих сахнасынан орнын ойып тұрып алғанын біз осыған дейін жаздық.

Игілік Өтеповтің есімі 1856 жылғы тарихи актіден де ұшырасады. Сол құжат бойынша Қарағанды басындағы көмір қабаттарын ғана емес, жер қойнауынан кейін табылуы мүмкін өзге металдар мен минералдарды игеру құқығы да Ушаков бастаған компанияға берілді. Алған 250 сомды кейін өзі де, мұрагерлері де даулап сұрамауға тиіс болды.

Сол жылы «Верхняя Марианна» қабатының үстінен Иванов разрезі ашылды. Көмір өндірудің алғашқы жылында қалған-құтқан отынның есебі ғана сақталған. Ал, 1857 жылы мұнда 59 адам еңбек етіп, олардың 25-і қазақ болған. Олар бір жылда шамамен 966 тонна көмір өндірді. Техника атымен жоқ. Кен қайламен бұзылып, күрекпен зембілге салынып, адам күшімен жер бетіне шықты. Кен ошағы кейін де қолдан-қолға өтті. 1904 жылы Лондонда құрылған «Спасск мыс кендері» акционерлік қоғамы Қарағанды мен Саран көмір кендерін өз иелігіне алды. 1908 жылы Қарағанды мен Спасск зауытының арасына қырық шақырымдық тар табанды теміржол тартылып, қара отын мыс өндірісінің күретамырына айналды. 1918 жылы кәсіпорын мемлекет меншігіне өткенімен, Азамат соғысы мен өндіріс дағдарысы көмір өндірісін тұралт-ты. Тас қабатты темір тіссіз үңгу – тайынша-ның мұрнын жұдырықпен тескендей мехнат еді. Сөйтіп, Аппақтың алақанына сыйған бір уыс қара тас тұтас өлкені ғасырлық ұй-қысынан оята бастады.

Көмір майданы

Өнеркәсіптік Қарағандының шын мәніндегі дүрбелеңі отызыншы жылдары басталды. 1930 жылы алғашқы барлау шахталарынан небәрі 12 мың 780 тонна көмір алынған еді. Қу далаға жан-жақтан жұмыс-шы ағылды, бірінің қолында – күрек, бірінің иығында – жалғыз түйіншек. Көмірлі өңір солардың көз алдында кентке, кент қалаға айналды. Кеше ат шығырын айналдырған шахталарға электр жетіп, қайланың қасына ауа қысымымен соғатын шойбалға келді. Сөйтіп, 1940 жылы бассейн құрамындағы 22 шахта мен бір разрез 6,3 миллион тонна көмір өндірді. Қарағанды одақтағы үшінші көмір ошағына айналып, өндіріс енді байы-рқалай бастағандай еді.

Десе де, ел үстін соғыс бұлты торлады. Донбасс жау қолында қалғанда Орал мен Сібірдегі зауыттардың үміті Қарағандыға ауды. Енді жер астынан шыққан әр вагон көмір майданға атылған оқпен пара-пар еді. 1942 жылы КСРО Қорғаныс министрлігі Қа-рағанды бассейнінде көмір өндіруді шұғыл арттыру жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Шахтаға Донбастан мыңдаған білікті маман келді. Ал, майданға кеткен азаматтардың ор-нын әйелдер, жасөспірімдер мен еңбек ардагерлері басты.

Жетпістің жотасына шыққан байырғы кенші Бекбосын Сиқымбаев соғыстың екінші күні-ақ қайласын қайта қолға алып, шахтаға түсті. Оразалы Шәкіров секілді өрімдей балалар мектеп партасын уақытша тастап, лампа тасушы, тіреуші, токарь бол-ды. Ж.Мұқанова, К.Құлжанова, М.Каримо-ва бастаған әйелдер де қара жердің қойнына түсіп, ерлермен бірдей тер төкті. Оларға атақ пен абыройдан бұрын, тым құрыса аяқты суық пен сыздан қорғайтын қонышы қалың, шойтабан етік қымбат еді.

Осындай жанкешті еңбектің арқасында 1941 жылғы 7,2 миллион тонна көмір 1944 жылы 10,9 миллионға, ал, Жеңіс жылы 11,3 миллион тоннаға жетті.

Қайладан – кешенге

Соғыс аяқталғанымен, шахтадағы майдан бір күнге де тынған жоқ. Елге оралған жауынгерге үй тұрғызу, қираған қалаларды қалпына келтіру, жаңа зауыттардың отын өшірмеу керек еді. Қарағанды кеншісі енді бейбіт күннің жүгін арқалады. 1946 жылы өндіріс сәл саябырсығанымен, келесі жылы-ақ көмір көлемі бір жарым миллион тоннаға артты. Ал, 1950 жылы бассейн 16,3 миллион тонна қара алтын берді.

1948 жылдың тамызында Қарағанды алғашқы Кеншілер күнін қарсы алды. Сол жылы Түсіп Күзембаев, Жансейіт Әбдірахманов, Мұстафа Айтқұлов бастаған он қарағандылық кенші Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұлар – кешегі қол қайланың дәуірі-нен жаңа техниканың тілін меңгерген өтпелі буын еді. Қарағандыда әкесі түскен шахтаға баласы түсіп, ағасы ұстаған сайманға інісі ие болды. Кәсіп осылайша нәсіптен дәстүрге ай-налып, тұтас кеншілер әулеттері қалыптасты.

Шахтаның іші де өзгеріс еншіледі. 1945 жылы бассейнде небәрі тоғыз скреперлі кон-вейер (қырғышты конвейер) болса, бес жыл-дан кейін олардың саны 965-ке жетті. Ат пен арқанға сүйенген тасымал жүйесін электро-воз алмастырды. 1953 жылы Қарағанды та-у-кен институтының ашылуы кен ісін білек күшімен ғана емес, біліммен игеретін жаңа буынды тәрбиеледі. Кеше көмірді зембілмен көтерген өлке енді жер астына темірден түйін түйген алып кешен түсірді.

1966 жылы Леонид Дандзбергтің бри-гадасы «Қарағанды-7/15» комбайнымен бір айда 2523 метр жер қазып, дүниежүзілік көрсеткішке қол жеткізді. Қарағандылық машина кейін Монреальдағы халықаралық көрмеге қойылды. 1978 жылғы 18 қаңтар-да «Северная» шахтасынан Қарағанды бассейнінің миллиардыншы тонна көмірі шығарылды. Сексенінші жылдары жылдық өндіріс елу миллион тоннадан асып, кен-шілер қаласының даңқы алысқа жайылды.

Әйткенмен, көмір керуені ұзаған сайын жер астындағы еңбек жеңілдеп кеткен жоқ. Машинаның тісі темір болғанымен, оның тізгінін ұстаған адамның жүрегі еттен еді. Алда кеншінің маңдай тері ғана емес, төзімі де таразыға тартылар күндер келе жатты…

Каска қағылған алаң

Сексенінші жылдардың соңына қарай сырт көзге айбарлы көрінген алып өндірістің ішкі сызаты сыр берді. Миллиондаған тонна көмір өндіретін кеншілер қаласында баспана кезегі жылжымай, дүкен сөресі жұтап, қара-пайым сабынға дейін қат дүниеге айналды. Еңбек жағдайы мен еңбекақы төңірегіндегі түйткіл де қордалана берді. «Бас жарылса – бөрік ішінде» деп жүрген кеншілердің күпті көңілі ақыры арнасынан асты.

1989 жылдың жазында Қарағанды шах-талары бірінен кейін бірі жұмысты тоқтат-ты. Жер астында үнсіз тер төгіп келген мыңдаған адам қаланың орталық алаңына шығып, каскасын тасқа қақты. Бұл дыбыс бір қаланың ғана емес, тұтас қоғамның мы-зғымас көрінген қабырғасына тиген қайла-дай жаңғырды. Кеншілер жалақыны көбей-туді ғана сұраған жоқ. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, азықтүлік пен тұрмыстық тауар тапшылығын жоюды, баспана мәселесін ше-шуді талап етті. Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі талаптың айтылуы да кенші наразылығының қара бастың қамынан биік тұрғанын аңғартты.

Алайда, алаңдағы ащы үннен кейін де ауыр кезең аяқталған жоқ. Одақ ыды-рап, тоқсаныншы жылдардың тоқырауы басталғанда көмірлі қалалардың тынысы тарылды. Кей шахтаның шамы сөніп, кей-бірінің қақпасына қара құлып салынды. Жалақы айлап кешігіп, жер астында өмірін тәуекелге тіккен талай кенші еңбегі еш, тұзы сор болып жүргендей күй кешті. Бір кезде елдің қара қазанын қайнатқан қол енді өз үйінің қазанына алаңдайтын халге түсті.

Сонда да кенші қауым кәсіптен қол үзген жоқ. Өйткені, шахта олар үшін жалғыз жұ-мыс орны емес, әкеден балаға қалған аманат еді. Бірақ, өндіріс жаңа меншік иесінің қо-лына өткен соң көмірдің есебі өзгергенімен, адам өмірінің бағасы қаншалық өзгерді де-ген сауал жауапсыз қалды.

Аппақ Байжановтың алақанына сыйған бір кесек қара тас содан бері тұтас қара ал-тынның қамбасына айналды. Оның қызуы зауыттарды жүргізді, қалаларды жылытты, иен далаға ел қондырды. Ал, сол қара тастың соңынан жер қойнына түскен сан мыңдаған адам Қарағандыны кеншілердің қайсар қа-ласы етті. Ғабең айтқан «оянған өлке» – жер астындағы қазынаның ғана емес, еңбектің қадірін таныған елдің оянуы еді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button